Соңғы уақытта Сүрия мен Иракта жеңіліс тауып жатқан  «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының келесі нысанасы Орталық Азия болуы мүмкін.

Соңғы кездері батыс бұқаралық ақпарат құралдары «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының Ауғанстан аумағында жандана бастағандығы жайында жиі жазуда. Жақында ресейлік БАҚ өкілдері Ауғанстанның солтүстік-батысында орналасқан Джаузджан провинциясының Түркіменстанмен шекаралас бөлігін «Ислам мемлекеті» содырлары басып алғандығы жайында ақпарат таратты. Ал маусымның 15 күні «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы Ауғанстанның оңтүстік-шығысындағы кезінде Усама бен Ладеннің жасырынған Тора-Бора үңгірлер комплексін басып алғандығы жайында айтылған еді.

Жоғарыда аталған ақпараттарға бұл жолы да көңіл аудармауғада болар еді. Өйткені әлемнің кез келген бұқаралық ақпарат құралы Ауғанстандағы жарылыс, террорлық шабуыл жайында күн сайын бірнеше рет ақпарат таратыны белгілі. Бірақ бұл жол Ауғанстан аумағында болып жатқан дүниелерге бейжай қарауға болмайды.

Біріншіден: «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының Ауғанстан жеріндегі содырларының соңғы уақытта жандана бастауы Сүрия мен Ирактағы өз позицияларын жоғалта бастауы мен тұспа тұс келді. Енді оларға жаңа ұрыс алаңы мен қаржы алатын орта керек. Ол үшін Ауғанстан таптырмас мекен.

Екіншіден: Қазіргі таңда Ауғанстан билігі мен Пентагон қарым-қатынасы қиындаған. Ауғанстан экс-президенті Хамид Карзайдың айтуынша, АҚШ осыншама уақыт аралығында Ауғанстан билігіне берген бірде-бір уәдесін орындамаған. Оның үстіне Пентагон әскері ауған жеріне келгелі бері экстремистік топтар күшеймесе, әлсіремеген.

Үшіншіден: «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының Ауғанстанның Түркіменстанмен шекаралас аудандарын басып алуы олардың батыстағы, таяу шығыстағы демеушілеріне жақындағысы келетіндігін және Орталық Азиядан бастап Шығыс еуропаға дейін халифат құруға жасап жатқан қадамдарының бірі болуы мүмкін.

Соңғы уақытта «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының Ауғанстанда күш ала бастағандығы жайында ҰҚШҰ (ОДКБ) ұйымыда айта бастады. ҰҚШҰ мәліметі бойынша, қазіргі таңда Сүрия мен Ирак  аумағында «Ислам мемлекеті» содырлары құрамында соғысып жүрген ТМД, оның ішінде Орталық Азия елдерінен шыққан азаматтар өз елдеріне қайта бастаған. Ресми ақпараттарға сүйенсек, лаңкестік ұйымдардың құрамында 7 мыңнан астам ТМД азаматтары жүр. Олардың 2 мыңы әлемнің кез келген жеріне барып соғыса беретін жалдамалы содырлар.

Бұл дегеніміз егерде «Ислам мелекеті» ұйымы Сүрия мен Иракта жеңіліс тауып,  келесі өрт ошағы Орталық Азияда тұтанатын болса, онда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан жалпы Орталық Азия елдерінің жағдайы қиындайды деген сөз.

“The Qazaq Times”