Алматыға келетін инвестицияның 93%-ы (жылына 187,3 млрд теңге) мегаполис маңындағы қала тектес кенттерге тиесілі. Мысалы Талғар, Есік, Қаскелең, Қапшағай сынды кішігірім қалалар негізгі капиталындағы инвестиция көлемін 30%-ға дейін көбейткен, деп хабарлады Finprom сарапшылары.
Сарапшылардың сөзінше, бұрындары инестицияның негізгі бөлігі Қапшағай қаласына бағытталатын. Ал осы жылы көрсеткіш айтарлықтай өзгерген. Өйткені осы жылы Қапшағайдың негізгі капиталына салынатын инвестиция көлемі 75%-ға қысқарып, 1,4 млрд теңгені құрады. Ал Есік қаласына аударылған инвестиция 8 есеге өсіп, 3 млрд теңгеге жетсе, Қаскелеңде 3 есеге (8 млрд теңге), Талғарда 50%-ға (4,8 млрд теңге) өскен.
Ал өткен жылдардың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Есік, Талғар және Қаскелеңге салынған инвестиция көлемі 2016 жылға қарағанда 17%-ға, 2015 жылға қарағанда 81%-ға өскен.
Сондай-ақ, инвесторлардың жеке салымдары 40%-ға артып, 150 млрд теңге болған және бұл бюджетке түсетін салмақтың төмендеуіне әсер еткен. Осылайша бюджет инвестициясының көлемі 20%-ға кеміген.