Жапония Орталық банкіндегі беделді қызметкердің бірі 29 маусым күні әлемге аты әйгілі германиялық Үшінші рейх тоталитарлық диктатурасының көшбасшысы Гитлердің экономикада ұстанған саясатын насихаттаймын деп, жапон қоғамының күшті қарсылығына тап болды. Оның Гитлер туралы пікірлері бүгінгі Жапонияның көп санды жұртшылықтың ашуын тудырды. Бұл туралы  Қытайдың «Шинхуа» агенттігінің ресми  сайтында жазылған болатын.

Жапония Орталық Банк қызметкері Юань Тяньтай. Фото: Bloomberg.com.

Юань Тяньтай есімді бұл беделді экономист сол күні Токиодағы  мәлім бір  маңызды конференцияда Гитлердің экономика саясатын жер-көкке сыйғызбай мақтап өтсе керек. Сондай-ақ, ол Гитлер үкіметінің қысқа уақыт ішінде барлық мүмкіндіктерді қолға келтіруіне оның нарықтағы дара саясаты себеп болған деп атап көрсетті. Оның пікірінше, Гитлердің қазына мен ақшаға ұстанған саясатында күллі адамдар үрке қарайтындай қателіктер жоқ. Керісінше, одан шабыт алып, үйреніп, бүгін де оның заманауи формасын алып келу керек екен.

Жапонияның Орталық Банкінің қызметкері ортаға салған бұл пікір жапон жұртшылығы арасында қолдау тапқанды былай қойып, оның өз басына әуре болып тиді. Жұртшылық болса Екінші дүние соғысының басты кейіпкерлерінің бірі Гитлерді өнеге тұту деген сөзіне наразы. Қашанда көпшілік пікірге мойынсынып үйренген жапон қоғамы Юань Тяньтайды ақыры жұрттардан ашық кешірім сұрауға мәжбүр етті. Қызметкерінің жұртқа ұнамаған пікірі үшін Жапон Орталық Банкі де медиа құралдары арқылы Жапония халқынан кешірім сұрады. Алайда, Жапонияның негізгі ақпарат орталықтары мұндай батыл пікірді «ілуде бір кездесетін құбылыс» ретінде бағалады.

Десе де, жапондықтардың Гитлер жайлы алқау сөздері бірінші рет жұртқа жария болып отырған жоқ. 2013 жылы 29 шілде күні Жапония премьер-министрінің орынбасары Асо Таро (Aso Taro)  Токиода баяндама жасап тұрып, Германияның ата заңынан үлгі алатын тармақтардың көп екенін атап көрсеткен еді. Оның бұл баяндамасы жапондықтардың ғана емес, халықарада көптеген елдердің сынына ұшыраған. Ақыры, ол да күллі ақпарат көздерінің алдында әлем халқынан кешірім өтініп, өз сөзін терістеп шыққан еді.

Саяси аренада мүлт кеткен бірер ауыз сөз үшін талай саясаткердің басы дауда қалуы көп кездеседі. Гитлер тақырыбы жапон қоғамында ғана емес, қазақ қоғамында әлі даулы күйде. Бұл тақырып үшін біздің кейбір басылымдар мен жекелеген азаматтардың басы дауда қалғанын анық білеміз. Жапонияның әр басқан қадамын аңдып, тарихи жауластығын бүгінге дейін сүйреп келе жатқан Қытай ақпарат көздері бұл оқиғаға: «Гитлер жайлы жағымды сөздің Жапонияда биліктің басы-қасында жүрген адамдардың аузынан естілуі тегіннен тегін емес», – деген пікір білдіріпті.

 Әділет Ахметұлы

«The Qazaq Times»