Қазақстандық телеарналар Токио Олимпиадасынан көрсететін болды. Бұл туралы Олимпиада ойындараның ашылу салтанатына бір сағаттай уақыт қалғанда «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, Қазақстан тарабы Олимпиада ойындарының трансляциясына қатысты жапониялық «Dentsu Inc» компаниясымен келісімге келген. Бірақ трансляция құны қанша екені айтылмады.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігі» АҚ ел аумағында Токио Олимпиадасын және 2022 жылғы Пекинде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарын көрсету құқығын иеленді. Келісімшарт қорытындысы бойынша трансляция құнын қолайлы бағада сатып алу туралы ортақ мәмілеге қол жеткізліді. Қазақстандықтар 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan», «Qazsport» және «Хабар» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады» делінген хабарламада.
Бұған дейін Қазақстан билігі "Олимпиада ойындарын тікелей эфирде тарату құқығына ие компаниямен келіссөз жүргізіп жатырмыз, құқық иесі трансляция лицензиясының құнын қымбаттатып жіберген, келіссөз жалғасып жатыр" деп мәлімдеген.
Олипиаданың ашылу салтанаты, 23 шілде астана уақытымен сағат 17.00-де басталады. Салтанатты рәсім Токио ұлттық стадионында өтеді. Шараға әлемнің 205 елінің спортшысы қатысады.
Токиода коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғандықтан ашылу рәсімінде көрермендер болмайды. 68 мың орындық стадионда небәрі мыңға жуық адам болады. Шараға әлемнің 15 елінің басшысы қатысады.
Олимпиада ойындары 23 шілде – 9 тамызда өтеді. Бұл жарысқа Қазақстан 97 жолдама алған.