Бүгіннен бастап  әскери қызметкерлер мен полицияның жалақысы өсіп, жәрдемақы мен зейнетақы көтеріледі және міндетті медициналық сақтандыруға ақша аудару басталады.

ҚР Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық гвардия қызметкерлерінің  жалақысы 25 пайызға өсті. Президент Н.Ә.Назарбаев бұл туралы мамыр айында жасаған мәлімдемесінде бұл шара ел тәуелсіздігі мен қарулы күштердің 25 жылдығына орай қолға алынып отырғанын айтқан еді.

Дәл осындай жалақысына 25 пайыздық үстемеге полиция қызметкерлері де қол жеткізеді. Сондай-ақ, қазақстандықтардың зейнетақысы 20 пайызға артып, енді ең төменгі зейнетақы мөлшері 45177 теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың маусым айындағы Президенттің жарлығына сәйкес жоғарылаған зейнетақыны елдегі 2 млн зейнеткердің барлығы алатын болады.

2017 жылдың 1 шілдесінде баланың дүниеге келуіне байланысты берілетін бір реттік жәрдемақының көлемі бұрынғыдан  20 пайызға көбейеді.

Сонымен қатар, бүгіннен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер ұзақ талқыға түскен міндетті медициналық сақтандырудың қаржысын әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аудара бастайды.

“The Qazaq Times”