Астанада Баспасөз, радио және интернет-журналистика саласына арналған «Үркер-2017» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бір ай көлемінде келіп түскен жүзден астам өтінімнің арасынан үздік деп танылған жұмыс авторларына естелік мүсінше мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
«Үздік фотосурет» аталымында «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің қызметкері Ерлан Омаров жеңімпаз атанды. «Казахстанская правда» республикалық газетінің өкілі Валентина Фиронованың мақаласы «Үздік талдамалық материал» деп танылса, «Үздік репортаж» жасағаны үшін «Nationaldigitalhistory e-history.kz» журналисті Олжас Беркінбаев марапатталды. Шалқар радиосындағы «Ән домбыра» хабары – «Үздік радиобағдарлама», «Астана радиосы» - «Өңірлік үздік радиостанция», «Дружные ребята» газеті – «Үздік салалық басылым», «Nationalgeographic» басылымы – «Үздік журнал», ОҚО-дағы «Рейтинг» газеті – «Үздік өңірлік басылым», «Massaget.kz» сайты – «Медиасерпін» аталымдарының иегері болды.
Үздік сұхбат құрған Kapital.kz тілшісі Виктория Говоркова, Үздік журналистік зерттеу жүргізген «Егемен Қазақстан» газетінің өкілі – Жанболат Аупбаев, журналистік қызметін жаңа бастап жатқан жастардың арасынан ерекше көзге түскен «7kun.kz» сайтының тілшісі – Мөлдір Иманмади болды.
Айта кетейік, мамыр айының басында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев журналистерді Баспа, радио және интернет журналистика саласындағы тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығына қатысуға шақырған еді. Байқауға қатысу туралы өтініштер 7 мамыр мен 7 маусым аралығында urker@el.kz электрондық поштасы арқылы қабылданды. Ұсынылған еңбектерді белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен кәсіби журналистерден құралған қазылар алқасы сарапқа салды.