Халықаралық қаржы институттарынан берілетін 1,8 млрд доллар қарыз есебінен ұзақтығы 2 184 шақырым болатын 10 жол жобасы жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің медиа-орталығында Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев мәлімдеді. 

«Халықаралық қаржы институттарының (ДҚХБ, АДБ, ЕҚДБ, ИДБ және ҚХР Эксимбанкі) займдары есебінен  ұзақтығы 2 184 шақырым болатын 10 жол жобасы іске асыру басталады. Олар: Талдықорған – Өскемен, Күрті –Бурылбайтал, Меркі – Бурылбайтал, Ұзынағаш – Отар, Қалбатау – Мақат, Атырау –Астрахань және Жетібай – Жетіөзен. Қазіргі таңда Қандыағаш – Мақат автожолының учаскесі бойынша АДБ займы туралы келісімге қол қойылды. Құрылыс жұмыстарын биыл шілдеде бастау жоспарланып отыр. Күрті – Бурылбайтал, Ұзынағаш – Отар, Жетібай – Жетіөзен жобалары бойынша займдар туралы келісімге қол қою жоспарлануда. Оларды ратификациялау аяқталғанда келісім-шарттарға қол қойылады»,-деді Мереке Пішембаев.

Сондай-ақ, ол  «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл жобаларды жүзеге асыруға 356,2 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Оның ішінде жалпы ұзақтығы 1,2 мың шақырым болатын Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Ақтөбе-Атырау, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл және Орал-Каменка жобаларының құрылыс жұмыстарын жалғастыруға ұлттық қордан 143,5 млрд теңге бөлінді.

Мереке Пішембаевтың айтуынша, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында аталмыш жобалардың  құрылыс-монтаждау жұмыстары жылдық жоспар бойынша 32%-ға орындалды.

Енді жыл соңында аталған жобалар бойынша 602 шақырымды аяқтау жоспарланған. Соның ішінде Бейнеу-Ақтау және Алматы-Талдықорған автожолы толық аяқталмақ.

Қазіргі таңда бюджеттік қаражат есебінен 4 жаңа жоба -  Бейнеу-Ақжігіт, Щучинск-Зеренді, Таскескен-Бақты, Үшарал-Достық жобаларының құрылыс жұмыстары басталды. Өскемен-Зырян-Рахман бұлағы жобасы бойынша конкурс қорытындысы күтілуде.

Осылайша министрлік өкілінің сөзіне сенсек, 4,4 мың шақырымға құрылыс және қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізу және шамамен 100 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жұмыс барысында 95 пайыздан астам Қазақстанда өндірілген материал пайдаланылмақшы.

“The Qazaq Times”