Оңтүстік Қазақстан облысында күннің аптап ыстық мезгілінде ерекше көбейетін қарақұрт аймақ тұрғындарын тағы да әлекке салып отыр. Жаз басынан бері қарақұрттың уынан зардап шегіп, ауруханаға түскендердің саны - 33 адам. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқанын ескертіп, дабыл қаққан жергілікті дәрігерлер алдағы ыстық маусымда қарақұрт құрбандарының саны күрт өсуі мүмкін деп топшылайды.
Қарақұрт – улы қара өрмекші. Денесі – шағын, ең үлкенінің өзі екі сантиметрден аспайды. Түсі қара, құрсағында қызыл дақтары бар. Бірнеше көзі барына қарамастан олардың көру қабілеті нашар. Тек заттың түсі мен қозғалысын ғана ажырата алады. Күннің ыстық мезгілінде ерекше белсенділігі артатын бұл жәндіктер шаққан адамға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, науқастың өлім құшуы әбден мүмкін. Қарақұрт шаққан кездегі алғашқы белгілер: кеуде тұсының ауыруы, тынысы тарылу, аяқ-қолынан жан кетіп, құрысып қалу, әлсіздік, бас айналу, ыстығы көтерілу. Әдетте, қарақұрттың шаққанын байқамаған адамдар бұл белгілерді қалыпты салқын тигізуге балап, дәрігердің көмегіне өте кеш жүгінеді.
Ертеректе қазақ халқы жайлауда қарақұрттан сақтану үшін, үй тігетін орынға қой жаятын болған. Өйткені улы жәндік қойдың иісі шыққан мекеннен бойын аулақ ұстайтын көрінеді.
Аймақ тұрғындарының көбін қарақұрт даладағы ұйқы кезінде, құрылыс жұмыстары үстінде шаққан. Сондықтан дәрігерлер табиғат аясына демалысқа шығатын, құрылыс жұмысын жүргізетін не далалы жерде ұйықтайтын адамдарға жабық киінуді, барынша мұқият болуды ескертеді.