Транспорттық салықты акциздерге аудару Қазақстандағы бензин бағасының өсуіне тікелей әсер етеді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов халықпен есептік кездесуінде мәлімдеді.
Залдағылардың сұрағына жауап берген ол қазіргі кезде жаңа Салық кодексін талқылау барысында бензиннің бағасына транспорттық салықты қосу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
"Бұл бизнесмендер мен сарапшылар арасындағы мәселе. Бір шетінен транспорттық салықты акциздерге ауыстыру әкімшілендіруді жеңілдетеді, ал бір жағынан отын бағасының қымбаттауына ықпал етеді. Бұл бойынша бәрі егжей-тегжейлі қаралу керек. Қазір біз бизнес қауыммен талқылаудамыз, өйткені бензин бағасы қатты көтеріліп кетсе бұл міндетті түрде басқа тауарлардың бағасына әсер етеді", - деді министр.
Айта кетейік, қазіргі кезде көлік жүргізушілері бензин бағасының бірден көтеріліп кетуіне байланысты сұранысты азайтып жатыр. Өйткені өткен жылы АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 13%-ға немесе 15 теңгеге қымбаттаған. Сондай-ақ, "ҚазМұнайГаз" АҚ Қазақстанда 2017 жылдың 1 маусымынан бастап дизель отынының акциздік бағасы тоннасына 9300 теңгені құрайтынын хабарлаған.