Қайың сауған қазақ едім, Алтай – атамекенім,
Тағдыр маған ұсынбаған балы менен шекерін.
Иранда да иланбадым, басқа түскен тағдырға,
Жүрегімді баурамады бөтен әуен, бөтен үн.
Париж бенен Германия, Омбыда да қазақпын,
Шартараптан тапқан едім жұмыр бастың жетегін.
Аяғымды аңдып бастым қия-құзда, мұздақта,
Тік басатын сақтығындай шыңдағы таутекенің.
Нүкістегі Төлегеннің сағынышы ем сарғайған,
Қайда жүрсем қазақтығым – жүректегі қан майдан.
Көкмойнақпен Түрікпеннің түгел шарлап даласын,
Бесқала мен Қожа еліндей қол бұлғадым шалғайдан.
Қырғыз бенен Қырым астым, әділетсіз уақытта,
Сарыарқаның бал қымызы тамсандырып таңдайдан.
Өлекшіндей өмір кешу – намысыма қиянат,
Ал, тағдырым сипамаған тайқы туған маңдайдан!
Ақыт қажы, Оспан едім, Алтайдағы ақ боран,
Қарсы келген ажалға да қас-кірпігін қақпаған.
Гималайда киіз төсеп түйетайлы асуға,
Такламакан шөлінде де жанға дауа таппаған.
Кәшмірге де жеткен көшпін Елісханның жолымен,
Дүниенің бұрышында дәм бар ма мен татпаған?!
Атажұрттан кіндік үзіп, ұрпағымның қамы үшін,
Тағдыр кештім, кішігірім – шұбырынды ақтабан!
Қазақ үшін қайда жүрсем қайталаумен дұғамды,
Халифа Алтай боп оралдым қазақшалап Құранды.
Өзтүріктің Мұстафасы ем, жатқа намыс бермеген,
Күндерде де адаспадым найзағайлы, тұманды.
Ән боп естім Майра салған жүректерді тебірентіп,
Атам кешкен ғұмырды ойлап, жаным жасқа шыланды.
Бейбарыстай жусан аңсап, жырақта өскен қозыңмын,
Аңсағаным – Қыпшақ далам, құт тұғырым – Тұран-ды!
Мен байырғы қазақ едім Бай-Өлкеде бапталған,
Үмітімді үзбегенмін арайланған ақ таңнан.
«Жаламаның жаласынан» әупірімдеп жан қалып,
Тірі сойған тұлыбым да Кунскамерада сақталған.
Бостандықтың рухына бесігімде талпынып,
Қасқырдайын сирағымды шайнап үзіп қақпаннан.
Елге әкелген Қаржаубаймын Күлтегіннің көктасын,
Таңдайымда балдай еріп, Ұлтқа деген тәтті арман!
Құдайменен арамызға ақ тілекті елші етіп,
Ешкімге де бас имеген өр қазақпын, еңсе тік,
Көксеркесі секілденіп ту-талақай көкпардың,
Жалғандағы ғұмырымды қайсарлықпен өлшетіп.
Қазақстан – жүрегіме бойтұмардай жазылған,
Тарыдайын шашылуды өміріме енші етіп.
Атамекен, саған жетіп көз жасымды құрғаттым,
Көк Тәңірі көзімізге көк байрақты көрсетіп!
Алтынордам күннен күнге құлпынайдай құлпыра,
Тарланбозым тақымымда, тізгінімді қымқыра.
Бар қазаққа құтты болсын, сауын айтқан құрылтай,
Көк байрақтың қыран ұшқан биігіне ұмтыла.
Тәңіріме тәуба айтумен дұға қылдым, бас иіп,
Атажұртқа жетпей қалған боздақтардың рухына.
«Елім-айдың» зарын енді құлағыма естіртпе,
Елбасымен болашаққа қадам басқан жұртыма!
Уай, Нұраға, қазақ үшін адамзаттың асылы,
Астанасы – Алтынорда, Иранбақтың жасылы.
Күнге құлаш сермеп туған Күлтегіннің қылышы,
Сары алтыннан сауыт киген Сақ пен Ғұнның хас ұлы.
Әлемдегі бар қандастың ықыласын қабыл ал,
Атажұртта басын қосқан ақ жүректің шашуы.
Қайта өрлеген қазағыма көк Тәңірі қуат бер,
Жасай берсін, жайнай берсін Қазақстан ғасыры!