«Самұрық-Қазына» АҚ бір жылдың ішінде әлемдегі тәуелсіз қорлар арасында активтерінің құны бойынша рейтингтің бес тармағына көтерілді, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі. 

«Самұрық-Қазына» әлемдік деңгейдегі қорға айналуға ұмтылады. Sovereign Wealth Fund Institute есебі бойынша құны 67,4 млрд АҚШ долларына жететін активтерді иеленуші «Самұрық-Қазына» АҚ әлемнің 30 ірі тәуелсіз қорының қатарында.

«Самұрық-Қазына» қорының қызметі Сантьяго принциптерінің көбіне сай келеді. Әсіресе жариялықты қамтамасыз ету тұрғысынан. Сонымен қатар, 2017 жылдың І тоқсанында «Самұрық-Қазына» тәуелсіз әл-ауқат қорларының ішінде Linaburg-Maduell Transparency Index жариялық рейтингінде ең жоғарғы 10 ұпайды иеленді. Бұл беделді рейтинг көрсеткіштеріне сүйеніп, қаржылық институттар мен тәуелсіз қорлардың өзге стейкхолдерлері (мүдделі тұлғалары) осы қорлардың нарық үшін қаншалықты ашық әрі жариялы екеніне көз жеткізеді», - дейді «Самұрық-Қазына» АҚ құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Ғани Битенов.

Айта кетейік, соңғы кезде "Самұрық-Қазына" АҚ-ға қатысты сындар көбейген. Өйткені квазимемлекеттік сектор бола тұра, сыртқы қарыздардың ең көп бөлігі осы компанияға және оның қоластындағы холдингтерге тиесілі.

Бұдан бөлек, "Самұрық-Қазына" Қытайдан 3 млрд доллар көлемінде қарыз алатыны туралы хабарланған. Компания басшысы Өмірзақ Шөкеев "Қытайдан қарыз алу дұрыс шешім және ол ұзақ мерзімге беріледі және олар қарызды ешбір кепілдіксіз беруге дайын" деген еді.

Сондай-ақ, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Халида Қамбарова "Самұрық-Қазына" қорының құрамындағы үш компанияға бюджеттен қаражат бөлінгенмен, 400 мың шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілмегенін мәлімдеген.

 “The Qazaq Times”