Республикалық меншікті жекешелендіруден және ұлттық басқару холдингтерінің құрамына кіретін активтерді сатудан түсетін табыс 4-7 млрд долларды құрауы мүмкін, түсімнің көлемі сауда нәтижелеріне байланысты. Бұл туралы Қазақстанның ҰЭМ Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің директоры Илона Шварцкопф хабарлады.
Ол инвесторлардың «Самұрық-Қазына» Қорының 47 ірі активіне қызығушылық танытып отырғандығын атап өтті, олардың 7-еуі IPO/SPO арқылы сатылады. Қордың ірі компанияларының IPO стратегиясы бойынша қабылданған шешімдеріне қарай түсімдердің мөлшері 3,5 млрд доллардан 5,5 млрд долларға дейін болуы мүмкін.
Айта кетейік, Президент Н.Назарбаев 2016 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында басшысы жекешелендіруден түскен қаржыны Ұлттық қорға бағыттау бойынша шаралар қабылдауды тапсырған.
Енді аталған тапсырманы жүзеге асыру үшін жергілікті өзін өзі басқару жөніндегі заң жобасы бойынша Бюджеттік кодекске және «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның аясында сәйкес өзгерістер енгізіледі.
Сонымен қатар, квазимемлекеттік саладағы әрбір субъектінің экономикалық ахуалы әртүрлі. Осыған байланысты, жекешелендіруден түскен қаржыны алу ҚР экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияда олардың қаржылық орнықтылығын ескере отырып, әрбір актив бойынша жеке-жеке қарастырылатын болады.
Еске салайық, бұдан бұрын ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Еуропалық қайта құру және даум банкінің Кипрде өткен отырысында Қазақстандағы ең ірі 3 ұлттық компанияның жекешелендіруге қашан қатысатынын айтқан еді.