Оңтүстік Қазақстан облысында шикізат секторынан дайын өнім секторына өту бағытында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Серік Тұрбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыста инвестиция соммасы 18,5 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін «АK Kazyna» ЖШС-нің жобасын іске асыру жұмыстары басталған. Ал, «Ордабасы-Құс» ЖШС-гі күрке тауық етін өндіру өңдеу өндірістік қуаттылығын жылына 25 мың тоннаға жеткізу бойынша келісімге қол қойған. Мұнан бөлек, Шардара ауданында балық өнімдерін қайта өңдейтін екі зауытты іске асыру жұмыстары жүргізілсе, инвестиция соммасы 7,8 млрд теңгені құрайтын түйе сүтін қайта өңдейтін зауыт салу жұмыстары басталған.
Сондай-ақ, Қытай инвесторларымен инвестиция соммасы 21,6 млрд теңге болатын томат зауытын салу жобасына келісім жасалса, 1 мың га аумаққа қарқынды жаңғақ бауын отырғызу жобасын жүзеге асыру инвесторлар тарапынан қолдау келісімін тапты. Аталған жоба бойынша жерді таңдап, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, бірнеше инвесторлардың қатысуымен инвестиция соммасы 51,2 млрд теңгеге 136 га аумақта Шымкент қалалық өндірістік жылыжайлар салу жобасын («Тепличный рай») жүзеге асыру жоспарлануда. Ал, Қазығұрт ауданында «Асыл бастау» ЖШС инвестиция соммасы 603 млн. тг. құрайтын құрғақ сүт және сары май шығару зауыты салынуда.
Серік Тұрбеков 2021 жылға дейін агроөнеркәсіп кешені экспортының көлемі 35 %-ға, 90 мыңнан астам жеке фермерлік шаруашылықтарды біріктіретін 600-ден астам кооперативтер құру және 118,8 мың суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.