Қазақстанда егіс алқабының жалпы ауданы 22,5 млн га-ды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 мың гектарға артқан. Егін егу жұмыстарын әртараптандыру аясында сұранысы жоғары дақылдарды егетін алқаптар 1 млн 348 мың гактарға ұлғайтылды. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлімдеді.
Вице-министрдің сөзінше, жасымық егісін ұлғайту Қазақстанның әлемде аумақ бойынша бесінші және экспорт бойынша төртінші орынды иеленуіне мүмкіндік береді. Бұдан өзге, биыл қант өндірісі бір жарым есеге, майлы дақылдар 1,3 есеге ұлғайтылады деп күтілуде. Жүзеге асырылып жатқан әртараптандыру жұмыстары әр гектардың тиімділігі мен өндірістің табысын арттырады.
"Тұқым шаруашылығына қолдау көрсету қаражатының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өсті. Бірегей және элиталық тұқымдар өндірісі қайта қалпына келтірілді және тұқым шаруашылығына қолдау көрсетудің өзге де шаралары қабылданды. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетігін қайта қарау оларды қолдану көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді", - дейді вице-министр.
Сондай-ақ, оның айтуынша, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті дизельдік отынға деген сұраныс толығымен қамтамасыз етілген. ҚР Үкіметінің жаздық егіс кезеңінде акциздердің мөлшерлемесін төмендету туралы шешімі дизельдік отын бағасын республика бойынша орта есеппен литріне 123 теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
"Егістерді химиялық өңдеу бойынша қорғау шараларын жүргізу үшін еліміздің оңтүстік өңірлеріне қосымша пестицидтер мен техникалар жеткізілді. 591 мың га жер өңделді. Ауыл шаруашылығы жерлеріне зақым келтірілген жоқ", - деді Қайрат Айтуғанов.