Бала кез келген мемлекеттің болашағы, адами капиталының басты көрсеткіші. Сондықтан әр мемлекет сәби дүниеге аман-сау келуі үшін барлық жағдайды жасауға тырысады. Арнайы жәрдемақы тағайындалады. Бала туылғанда бір рет, бір жасқа толғанға дейін, және 18 жасқа толғанға дейін белгілі бір мөлшерде жәрдемақы немесе жеңілдік беріледі. Ал сол берілетін жәрдемақы баланың болашағы үшін салынған инвестиция деуге болады. Осылайша әрбір ел өзінің одан ары мемлекет ретінде қалыптасуына ықпал ететін ұрпақтың қамын жасайды. Ал сол мемлекеттің тағайындаған жәрдемақысы жеткілікті ме?
Мысалы елімізде 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала туғанда берілетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері 9%-ға артқан болатын. Яғни осы жылдың басынан бері сәби дүниеге келгеннен кейін 1 жасқа келгенше бірінші балаға – 13070 теңге, екінші балаға – 15452 теңге, үшінші балаға – 17812 теңге, ал төртінші және одан да көп балаға 20195 теңге беріліп келеді.Бұл жұмыс істеген және жұмыс істемейтін аналарға (әкеге) мемлекет бюджетінен беріледі.
Сондай-ақ, жұмыс істеген аналарға ай сайынғы әлеуметтік төлем мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысы есебінен төленеді. Яғни жаңа босанған ана осы қорға қатысушы болса және жұмыс берушілері әлеуметтік төлемдер жасаған болса, жұмыс істеген ана қосымша әлеуметтік төлемге ие болады.
Бұл қаржы бала күтіміне жете ме?
Егер нарықтағы жағдайды ескерер болсақ, бір балалы және көп балалы ата-анаға да (егер жұмыс істемейтін болса) жоғарыда көрсетілген сома жеткіліксіз екені белгілі.
Мысалы Mojazarplata.kz сайтының онлайн сауалнамасына қатысқан 367 ата-ананың жартысы (49,59%) бір жасқа дейінгі балаға берілетін ай сайынғы жәрдемақы бір аптаға да жетпейтінін айтқан. Ал 23%-ы екі аптаға жеткізуге тырысатындарын, 3,27%-ы "соза-соза" үш аптаға жеткізетіндерін, 6,81%-ы бір айға әрең-әрең жеткізетіндерін айтқан. Сауалнамаға жауап бергендердің қалған 7,08%-ы қаражаты бар болғаны 10 минутта жұмсай салады екен. Себебі олар не кредит төлейді немесе депозитке аударады.
Балалар тағамдары мен жөргектердің бағасы қандай?
Статистика комитетінің мәліметі бойынша, республика бойынша балаларға арналған тамақтың құны 2017 жылдың қаңтар-сәуір айында 0,7%-ға қымбаттаған. Дегенмен баға 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға арзан. 2015 жылы баға 1,2%-ға қымбат болған.
Ал жөргектердің бағасы 2016 жылдың қаңтар айында 1,7%-ға қымбаттаса, 2017 жылдың қаңтарындағы көрсеткіш 0,7%-ды құрады. Ал өткен жылдың сәуіріндегі баға 1,2%-ға өзгерсе, 2017 жылдың сәуірінде баға 0,3%-ға өзгерген.
Енді нақты баға бойынша есептеп көрейік. Мысалы Алматы қаласындағы орташа бағаны алар болсақ, балалардың жасқа толғанға дейін берілетін тамағы базарда 2450 теңге, дүкенде 2700 теңгені құрайды. Бұл шамамен бір аптаға ғана жетеді. Яғни балаға қосымша тамақ беретін ата-ана айына 4 құтысын сатып алады. Осылайша айына 10080 теңге қосымша тамаққа кетеді.
Бұдан бөлек қазіргі ата-ананың барлығы бір реттік жөргектерді пайдаланатыны белгілі. Олардың бір қаптамасының орташа бағасы 1800 теңге және бұл да бір аптаға жетеді. Сонда айына жөргек үшін орташа есеппен 7200 теңге жұмсалады.
Сондай-ақ, қосымша берлетін жеміс-жидек езбесі, дәрі-дәрмек тағы бар. Егер олардың бағасын қоса есептер болсақ, бір ғана балаға 13 мың теңге емес 20 мың теңгенің өзі жеткіліксіз. Оның үстіне 2015 жылы дәрілердің бағасы 30%-ға дейін қымбатағанын ескерсек, бұл қаржының өзі «құмға сіңген су сияқты» болары анық. Бұл жәрдемақыны есептеудегі қарапайым мысал ғана.
Сондай-ақ, елімізде 18 жасқа толмаған баларалы бар ата-аналар да мемлекет тарапынан көмек алады. Әр балаға айына бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) бойынша жеңілдік беріледі (2017 жылғы АЕК – 2269 теңге) және бұл 5 балаға дейін беріліп отырады. Яғни 18 жасқа толмаған 4 баласы бар ата-ана айына 9076 теңге жеңілдікке ие. Ал бұл қаржының қаншалықты жеткілікті болатынын өзіңіз есептей беріңіз. Бір баланың мектепке барып келген жолы мен тамағына кеткен шығынды да өтей алмайды.
Басқа елдерде жәрдемақы мөлшері қандай?
Мысалы Швецияда бірінші балаға берілетін ай сайынғы жәрдемақы 120 еуро Мұны теңге эквивалентіне айналдырар болсақ (2017 жылдың 13 маусымындағы ресми еуро курсы - 354,89 теңге) 42 480 теңге. Бұл біздегі жәрдемақымен салыстырғанда 2,5 есеге жоғары. Германияда 184 еуро. Ал Францияда бірінші балаға жәрдемақы төленбейді, Ұлыбританияда айлық жәрдемақы бала туған сәттен бастап 10 жасқа дейін 105 еуро беріледі.
Қорыта келгенде, біз балалардың тәуелсіз мемлекетте еркін өмір сүруіне мүмкіндік беріп отырған жоқпыз. Осыдан кейін айлығы шайлығынан аспайтын отбасында дүниеге келген сәбидің болашағы жарқын деп айтуға негіз бар ма? Мемлекеттен берілетін жәрдемақы мен қолдау аз болса, демографиялық өсім де болмайды, тиісінше, мемлекеттің дамуы да бәсеңдейді.