Қазақстанда жұмыс істемей тұрған кәсіпорындар бұдан әрі іске қосылмауы мүмкін. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек халық алдындағы есептік кездесуінде айтты.

Оның сөзінше, кәсіпорындар жұмысының дұрыс жүргізілмеуі теңгенің құнсыздануымен байланысты.

"Дағдарыс кезінде "Индустриализация картасы" бағдарламасы аясында салынған 72 кәсіпорын жұмыс істемей тұрып қалды. Бұл компания проблемаларының себебі әртүрлі: біреуі девальвация кезінде теңге курсының өзгеру салдарына тап болды, енді бірі теңге құнсызданғанға дейін кредит алды, нарық жағдайы өзгерді. Яғни түрлі себеп бар. Қазіргі кезде осы кәсіпорындардың тек 19-ы ғана тұрақты істеп тұр. 50%-ында қиындықтар бар. 6-7 кәсіпорынды іске қоса алмауымыз мүмкін. Ал қалған 20-40%-ы қиындықтың әртүрлі деңгейінде", - деді Қасымбек.

Сондай-ақ, есептік кездесу кезінде министр Қазақстанның логистика тиімділігі жөніндегі халықаралық рейтингте 77 орында екенін атап өтті. Оның сөзінше, логистика тиімділігінің өсіміне Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы транзиттік тасымалдың екі есеге өсуі (104 мың контейнер) әсер етіп отыр.

"2017 жылы контейнерлер санын 320 мыың бірлікке арттыру жоспарланып отыр. Оның 165 мыңы Қытай-Еуропа-Қытай" бағытында болады", - деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, ол  2016 жылы жалпы тартылған инвестициялар көлемі  40%-ға өсіп,  $20,6 млрд болғанын мәлімдеді.

“The Qazaq Times”