Астанада ЭКСПО-2017 аясындағы энергетика жөніндегі сегізінші халықаралық форумның жұмысын ашқан «Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету» Министрлік конференциясы өтті деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның қарқынды дамушы, әлемдік энергетиканың ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету стратегиясын ұстанатын мемлекет ретінде қалыптасуындағы ерекше рөлін атап көрсеткен болатын.

Б. Сағынтаев Министрлік конференция мен Сегізінші форумның БҰҰ-ның бес Өңірлік комиссиясының қолдауының арқасында өткізілгенін айтты. Аталған жұмыстың нәтижесі энергетика саласына қызығушылық танытқан барлық тараптардың ұзақ мерзімді ынтымақтастығын нығайту болады. Конференция декларациясының  ережелері «ЭКСПО-2017 құндылықтарының үндеухатына» енгізіледі.

«2013 жылы Қазақстан «жасыл»  экономикаға көшу жөніндегі Тұжырымдаманы қабылдады. Ол өз кезегінде елдің энергетикалық секторында жүйелі түрленуге тиісті жағдай жасады. 2016 жылы біз климаттық бағыттағы Париж келісімін ратификациялау арқылы парниктік газдарды азайту бойынша міндеттемелерді алдық. Қазіргі кезде Үкімет Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыруы бағытында жұмыс істеп жатыр. Осы орайда «жасыл» экономика аясындағы реформамыз 2050 жылға қарай бізге Қазақстанның Жалпы ішкі өнімін үш пайызға арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарлаудамыз. Бұл тұрғыда 500 мың жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп мен қызмет көрсетудің жаңа секторларын қалыптастыруға, өмір сүру сапасын көтеруге жағдай жасалады. Энергия әр адамның өмірінде өркениеттің фудаменталды қажеттігі болып табылады», - деді. Б. Сағынтаев.

Тұрақты даму энергетикасы жөніндегі сегізінші халықаралық форум мен «Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету» Министрлік конференциясының негізгі тақырыптары энергетикалық қауіпсіздік, сауда және инфрақұрылым, энергия, климат және азық-түліктің өзара байланысы, сонымен қатар жаңғыртылатын энергетиканы өңірлік тұрғыдан дамыту болып табылады.

“The Qazaq Times”