Қазақстан мен Қытай арасында құны 7 млрд долларды құрайтын 22 келісімге қол қойылады. Бұл туралы Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің (ҚҚІК) төртінші отырысында "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы және кеңестің қосымша төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
"Бүгін Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің отырысы аясында компаниялар құны 7 млрд доллар болатын 22 келісімге қол қояды", - деді Өмірзақ Шөкеев ҚҚІК-нің пленарлы отырысында.
Оның сөзінше, дайындалған құжаттардың арасында Қытайдың мелмекеттік даму банкі арқылы 3 млрд доллар көлемінде жеңілдетілген шартпен кредит беру туралы келісім бар.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Атырау облысында метанол және аммиакты ауқымды өндіру жобасы үшін Қазақстанға $ 1 млрд беру туралы келісімге қол қойылады.
"Самұрық-Қазына" АҚ басшысының сөзінше, іскерлік кеңес осыдан төрт жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары кезінде құрылған. "Осы уақыт аралығында кеңес өзінің тиімділігін көрсетті. Қазіргі кезде қазақстан-қытай инвестициялық портфелінде жалпы құны 28 млрд долларды құрайтын 51 жоба бар", - дейді Шөкеев.
Шөкеевтің айтуынша, бұл жобалар мұнай-газ, химия, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, тау-кен және металдар мен инженерлік секторларын қамтиды. Яғни қаржы осы салаларға жұмсалады. Сондай-ақ, қытайлық инвестиция "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының 14жобасына жұмсалады.