Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы қаралып, мақұлданды. Заң жобасы прокурорлық қадағалаудың шегі нақты айқындалған конституциялық реформаның жалғасы болмақ. Бұл туралы Бас Прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. 

Ведомствоның мәліметінше, конституциялық реформа барысында Конституцияның 83-бабында өзгерістер болған. Бұл бапқа сәйкес прокуратураның негізгі мақсаттары нақты айқындалды. Олар: жоғары қадағалау, сотта мемлекеттің мүддесін білдіру, қылмыстық қудалауды жүзеге асыру.

Заң жобасына сәйкес мемлекеттік органдарды тексеру негіздері едәуір қысқартылады.

"Прокуратура мемлекеттік органдарды екі жағдайда ғана тексереді. Атап айтсақ, мемлекеттік орган өз құқығын өзі қорғай алмайтын адамдардың немесе көпшіліктің құқығын бұзса; адам өмірі мен денсаулығына немесе мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе", - делінген баспасөз хабарламасында.

Осындай шектеулер азаматтардың өтініштерін қарау тәртібіне де енді. Жобаға сәйкес прокурорлар тек өзін-өзі қорғай алмайтын адамдардың, көпшіліктің құқықтары бұзылғанда немесе адам мен мемлекет мүддесіне орны толмас нұқсан келтіргенде және осы мәселелерді құзырлы органдар қажетті дәрежеде шешпесе ғана өтініштерді қарайтын болады.

Өзге өтініштер өкілетті органдарға жолданатын болады. Азаматтардың мемлекеттік органдардың кез келген әрекетіне сотқа шағымдану құқығы сақталады.

Жалпы заң жобасы жоғары қадағалаудың қағидалары мен міндеттерін түбегейлі өзгертпейді. Адам құқығын қорғау, заңдылықты сақтау мен құқық қорғау қызметін үйлестіру оның басты міндеті болып қала береді.

Сондай-ақ, Прокуратураның құқықтық актілері жүйесіне де бірқатар түзетулер енгізілді.

Олар: қадағалау және ден қою актілері болып екі топқа бөлінеді.

Қадағалау актілерінен «алдын ала ескерту» мен «ұйғарым» алынып тасталды. «Заңнамалық актіге түсіндірме берудің» де мағынасы өзгерді. Бұл акт қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ, дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде енгізілетін болады.

Сонымен бірге наразылық келтіруге жатпайтын құқықтық актілер көрсетіліп, прокурорлық қадағалау актілерін қабылдаудың салдары анықталды. Енді қадағалау актілерінің мәжбүрлі түрде орындалуы сот тәртібімен ғана жүзеге асатын болады.

Прокурордың өкілеттілігі (құқықтары мен міндеттері), жауапкершілігі, тексерілетін субъектінің құқығы мен міндеті, тексеру мерзімі және Бас Прокурордың оны ұзарту шарттары бекітілді.

Заң жобасында сотта мемлекет мүддесін білдіру мен қылмыстық қудалау қызметін прокуратура органдары Қылмыстық процестік, Азаматтық процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің негізінде жүзеге асырылатындығы көрсетілді. Прокуратура қызметінің өзге бағыттары жеке тарауда көрініс тапты.

“The Qazaq Times”