Science Advances журналында жаңа зерттеу жарық көрді. Мақала авторлары соңғы он бес жылда әлемдік жылынудың баяулағаны туралы теорияның жалғандығын әшкерелеуге тырысыпты. Бұл туралы bbc.com ғылым жаңалықтарында хабарланды.
Ғылыми еңбектің иелері соңғы жиырма жылда жаңағы теорияны жақтаушылар су мен мұхиттардың орташа темпратурасын толық есепке алмай отыр деген пікірін ортаға салды.
Біраз ғалымдар 1998-2014 жылдар аралығында ғаламдық жылыну тоқтады деген. Алайда,қайта тексеру нәтижесінен кейін, бұл ұғымды жаңағы мақала авторлары теріске шығарып отыр. Негізі, олар ғаламдық жылынудың әлі жүріп жатқанын дәлелдеуге тырысып жүрген бірінші адамдар емес.
Бұл теория басқа да бір топ ғалымдардың күдігін тудырған болатын. Олардың ішіндегі ең әйгілісі – америкалық Мұхит пен атфосфера құбылысы ұлттық басқармасының (NOAA) былтыр жариялаған мәліметі болатын.
Онда да су мен мұхиттағы темпратурасының өзгеру шапшаңдығы есепке алынбай отырғаны баса айтылған. Ғалымдардың пікірінше, бұл өзгеріс жылдамдығы екі рет төмендеген.
Ғалымдар енді жаңа зерттеу қорытындысы бойынша, әлемдік жылыну тоқтады деген бос сөз дегенге келді. Ғаламдық жылыну, шындығында сол баяғы 1950-1999 жылдардағы күйін әлі сақтап келеді.
Енді, зерттеу нәтижесіне сай, NOAA өнеркәсіп алпауыттары мен саясаткерлердің сын садағына ілінді. Олар Ұлттық басқарманы ғаламдық жылыну мәселесін ұлғайтып отыр деп кінәлады. Бірақ, NOAA көптеген ғалымдардың қолдауына ие болуда. Олардың қатарында әлгі жаңа зерттеу еңбегінің иелері де бар.
Олардың пікірінше, су мен мұхиттың темпратурасы қанша жылдар бойы дұрыс есептелмеген. NOAA мамандары қолдан ештеңе ұйымдастырып отырған жоқ, керісінше, жағдайды оңауға тырысуда.
Ғаламдық жылыну 1998-2014 жылдары тоқтады деген теория алғаш 2013 жылы пайда болды. Оның авторлары Климат өзгерісі бойынша үкіметаралық сарапшылар тобы еді. Олардың мәлімдемесі соңғы бірнеше жылда зор танымалдыққа тіпті, үлкен қолдауға ие болды.
"The Qazaq Times"
Бек АЙДАР