Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл, Ұлттық ұлан әскерінің құрылғанына 25 жыл толуына және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік  рәміздер күніне орай 2017 жылғы 02 маусым күні сағат 15.00-де Алматы қаласындағы Арбат орталығында Алмалы аудандық әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Генерал» атты концерттік тобымен (топтың көркемдік жетекшісі запастағы майор Елена Евстратенко) «Офицер болу –  нағыз ерлердің ісі» атауымен концерттік бағдарламасы өтетін болады.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бастамасымен өңірлерде «Офицер болу –  нағыз ерлердің ісі!» атты әскери-патриоттық акция бастау алған болатын. Акция барысында ұландықтар қала мен өңірлердегі мектеп оқушыларына Ұлттық ұланның қару-жарақтары мен материалдық-базаларын таныстырып, Ұлттық ұлан әскерінің тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелер өрбітіп, Ұлттық ұланның Жоғары әскери институтына түсуге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген болатын.

Акция бастамасына орай, өткізілгелі отырған іс-шараның негізгі мақсаты өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген патриоттық сезімді ояту, еліне қалтқысыз қызмет ету, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерін сүю мен құрметтеуге тәрбиелеу, Ұлттық ұлан әскері туралы мағлұмат беру, оларды, Ұлттық ұланның Жоғары әскери институтына түсуге насихаттау болып табылады.

Әскер тектерінің дамуының негізін кадрлық офицерлер құрайды. Білікті офицер кадрларды дайындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы Қаулысымен Петропавл қаласында Ұлттық ұланның Жоғары әскери институты құрылған болатын. Құрылған күнінен бастап аталған оқу орны 3000 аса кадрлық офицер мамандарын даярлап шығарды. Қазіргі таңда олар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара әскерлерінің және Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде еліміздің қорғанысын күшейту саласында жемісті еңбек етіп жүр.

Өзінің құрылған күнінен бастап Ұлттық ұланның Әскери институты құқық қорғау әскерінің жоғары білімді, әрі білікті мамандарын даярлайтын бірден-бір Жоғарғы әскери оқу орны болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай іс-шараның шымылдығы Ұлттық ұлан оркестрінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен ашылады және Ұлттық ұланның Ту ұстаушы тобы алаңға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде шығаратын болады.

Іс-шара барысында жиылған қауымға мемлекеттік рәміздер күніне орай флэшмоб және әскери қызметшілердің қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көрсетілімдер болады. Сонымен қатар Ұлттық ұланның «Генерал» тобы және Ұлттық ұлан оркестрінің орындауында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери әндермен қатар патриоттық рухтағы әндер де орындалатын болады.

Іс-шараға Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері, Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, әскер ардагерлері, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің, Б. Момышұлы атындағы республикалық мектеп-интернатының, қала мектептері мен лицейлерінің оқушылары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары қатысатын болады.

qazaqtimes.com