2017 жылдың басынан бері Қазақстанда көкөніс пен ет өнімдері қымбаттаған. Мұндай мәліметті статистика комитеті келтіріп отыр.
Мысалы жыл басынан бері пияз бағасы 62%-ға, картоп бағасы 48,9%-ға қымбаттаған. Ал 25 мамырдағы жағдай бойынша орамжапырақтың құны 32,4%-ға көтерілсе, сәбіздің бағасы 23,6%-ға қымбаттаған.
Ал еттің бағасы жыл басынан бері 9,6%-ға көтерілген.
Бағасы төмендеген өнімдер де жоқ емес. Мысалы қарақұмық жармасы 12,1%-ға, қант 6,9%-ға, күнбағыс майы 5,9%-ға арзан. Сондай-ақ, жұмыртқа бағасы 19,2%-ға төмендеген.
Жалпы алғанда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 4,9%-ға жоғарылаған.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк бағаның өсуіне қатысты халық арасында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысушылар инфляцияның негізгі көзі ретінде тамақ өнімдері бағасының өсуін айтқан. Сондай-ақ, респонденттердің 53%-ы 2017 жылғы мамырда баға тағы да өседі деп пікір білдірген.
Банк хабарламасында жазылғандай, тіпті бір жылдан кейін инфляцияның деңгейін 10%-дан жоғары бағалайтындардың үлесі біршама өскен. Ал болашақтағы инфляцияны 6-10%-дық аралықта бағалайтындардың үлесі 23%-дан 28%-ға дейін жоғарылаған.