Қазақстан 2017 жылдың қаңтар-сәуір айында мұнай өндірісі жоспарын артығымен орындады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылдың алғашқы төрт айында өндіріс көлемі тәулігіне 1,715 млн баррельді құрады.
"Жоспардың артық орындалуы Қазақстанның ірі жобаларындағы өндіріске байланысты. Сондай-ақ, 1 жартыжылдықта мұнай көлемін азайту бойынша міндеттемелер толық орындалады деп болжанып отыр", - деп мәлімдеді
Энергетика министрлігінен.Ал мұнай көлемін тағы тоғыз айға қысқартуға қатысты Қазақстанның қандай шешім қабылдайтыны 25 мамыр күні Венада болатын кездесу кезінде белгілі болады.
Айта кетйік, бұған дейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан мұнай көлемін қысқартуға қатысты ОПЕК-пен болған келісім мерзімін одан әрі ұзартуға дайын еместігін мәлімдеген. Министрдің сөзінше, Қазақстан қара алтын көлемін қысқарту туралы келісім аясында болады. Алайда шикізат өндірісін енді дамытып жатқан Қашаған сияқты кен орнының да мүмкіндіктері ескерілу қажет.
Ал ОПЕК ұйымы " Қазақстан мұнай көлемін шектеуге қатысты бұрынғы келісімді орындамаған болуы мүмкін" деген ақпарат жарияларған. Олар "алдандық" дегендей кейіп танытқан еді. Картельдің мәліметінше, Қазақстан келісім аясындағы квота бойынша өндірісті қысқартпаған. Келісімге сәйкес, еліміз күніне өндірілетін мұнай көлемін 20 мың баррельге дейін қысқарту керек еді.