Бүгін мәжілістің пленарлы отырысында депутат Азат Перуашев БЖЗҚ қаржысына алаңдаушылылық білдіретінін айтты. Оның сөзінше, соңғы уақыттағы жағдайларға қарамастан зейнетақы қоры миллиардтаған қаржыны рейтингі төмен әлсіз банктерге салуды тоқтатпай отыр. 

«2016 жылғы жағдай бойынша ең төменгі рейтингтегі банктерде зейнетақы қорының  161 млрд теңгесі, ВВ рейтингіне ие банктерде 79 млрд теңге орналастырылған. Ал мүлде рейтингі жоқ қаржы институттарында 61 млрд теңге бар. Рейтингі АА деңгейіндегілерде бар болғаны 983 млн теңге. Яғни бұл басқаларымен салыстырғанда 65 есеге төмен. Мәселе енді Әзербайжан банкіне қатысты болып тұрған жоқ. БАҚ қаржыны қайтаратынын хабарлап жатыр. Дегенмен тенденциядан байқағанымыздай зейнатақы жинақтары ысырап болып жатыр", - деп атап өтті ол Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың атына жолдаған сауалхатында.

Осыған байланысты депутат бірнеше сұраққа жауап берілуін сұрады.

«БЖЗҚ менеджменті неге зейнетақы жинақтарын сақтауға қатысты өз міндеттерін орындамайды? Әзербайжан халықаралық банкі облигацияларының дефолт болмасына кім жауап береді, оған салынған инвестиция сақтандырылған ба? Біздің азаматтарымыздың зейнетақы жинақтары кімнің тарапынан шетелдік банкті қолдауға жұмсалып отыр? Коммунистер халық жинағының жеңіл жұмсалуына жол бермеу керек деп есептейді. Сондықтан инвестиция салу туралы шешім қабылдаған БЖЗҚ-ның лауазымды тұлғаларын тауып, тергеу жұмыстарын жүргізуді және жауапкершілікке тартуды талап етеміз»,- деп атап өтті Перуашев.

Айта кетейік, осыған дейін БЖЗҚ-ның 71,3 млрд теңгесі немесе 200 млн доллар Әзербайжан халықаралық банкінің облигациялары үшін салынғанын айтқан болатынбыз. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Әзербайжанның халықаралық банкі елдегі валюталық дағдарыс пен валютаның жетіспеушілігіне байланысты сыртқы қарыздарын төлеуді тоқтатқан және кредит берушілермен келіссөз жүргізуді бастайды.

Осыдан соң Әзербайжан билігі проблемалы банкке салынған қазақстандық зейнетақы қаржысы қайтарылатынын мәлімдеген. Қарыз Ұлттық қор қаражатынан қайтарылуы мүмкін.

“The Qazaq Times”