Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында Қазақстанның мемлекеттік қарызының қанша екенін айтты.
"1 мамырдағы жағдай бойынша, Қазақстаның мемлекеттік қарызы біз жоспарлаған деңгейде анықталды. Қарыз қауіпсіз деңгейде, 12,3 трлн теңгені немесе Жалпы ішкі өнімнің 24,6%-ын құрайды", – деді Тимур Сүлейменов.
Оның сөзінше, 2017 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша экономикаға ықпал ететін үлкен салаларда инвестициялық белсенділік пен өсім байқалады.
"Шын мәнінде көрсеткіш 2,2%-ға өсті, қазір 92,7 млрд теңгені құрап отыр", - деді министр.
Алдын ала мәліметтер бойынша қаңтар-сәуір айында ЖІӨ өсімі 3,7%-ға дейін жылдамдаған. Сондай-ақ, Тимур Сулейменов Үкімет отырысында алғашқы төрт айдағы позитивті динамика иллюзияға айналмау керектігін және өсім ешбір мемлекеттік аппараттың көмегінсіз сақталуы мүмкін екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін 2016 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы 9%-ға көбейіп, 13,9 млрд долларды құрағанын, ал осы жылдың бірінші тоқсанындағы есепке мән берсек, қарыз сомасы 13,8 млрд доллар деген көрсеткішке ие болғанын айтқан едік.
Жалпы мемлекеттік қарыз бен сыртқы қарыз екі бөлек нәрсе. Мемлекеттік қарыз - бұл бұл өткен жылдардағы жалпы жиналған бюджет тапшылығының сомасы. Ал сыртқы қарыз - мемлекеттің өтелмеген қарыздары, міндеттемелері, несиелері және оларға байланысты төленбеген пайыздары бойынша берешегінің жалпы сомасы немесе басқа елдерден мемлекеттік бюджеттің дефицитін жабу үшін алынатын қарыз.