2016 жылдың жазынан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты туындаған дау азаймай тұр. Біздің бұлай деуіміздің себебі мынау: 10 мамыр күні Әзербайжанның халықаралық банкі Нью-Йорк сотына өзін банкрот деп жариялау туралы өтініш жіберген. Ал бұл банктің облигацияларына қазақстандықтардың 71,3 млрд теңгесі салынған. Енді шетелдік банк активтерді қайта құрылымдау міндеттемелерін орындауды қолға алмақшы. Егер бұл процесс жүзеге асатын болса, АХБ-ға қарыз берген кредиторлар қайта құрылымдау кезеңі аяқталғанға дейін өздерінің активтеріне қатысты ешбір арыз талап жасай алмайды деген сөз.
"Ойын-сауыққа" айналған ақша
Естеріңізде болса, 2016 жылдың тамыз айында зейнетақы қорының қаржысы ЭКСПО аумағында салынатын Mega Silk Way ойын-сауық орталығына жұмсалады екен деп шулаған едік. Себебі "Қазақстан даму банкі" БЖЗҚ-дан алған қаражатты "ЭКСПО-2017" аумағындағы объектілердің құрылысын қаржыландыруға жұмсайтыны белгілі болған. Осыдан кейін «Радиоточка» сайтының редакциясы Mega Center Development холдингіне хат жібереді. Олар БЖЗҚ қаржысын "ЭКСПО" аумағындағы сауда кешенінің құрылысына жұмсалатыны туралы ақпаратты жоққа шығармаған.
Жалпы ақпаратқа сүйенсек, "Қазақстан Даму банкі" АҚ БЖЗҚ-дан 117,5 млрд теңге қаржы алған еді. Оның 15 млрд теңгесі Астанадағы «ЭКСПО-2017» аумағындағы объектілердің құрылысына, 17,5 млрд теңгесі отандық вагондар өндірісін лизингтік қаржыландыруға бөлінеді. Қалған 85 млрд теңгесі 2016-2017 жылдарда экономикалық өсімді және жұмыс орнын қамтамасыз етуге қатысты қосымша шаралар жоспарын орындауға жұмсалады.
Ал кейін ҚДБ басқарма төрағасы Болат Жәмішев кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың MEGA-ның құрылысы үшін қарызын уақытынан бұрын қайтаруды жоспарлап отырғанын мәдімдеді. Ол "Смағұлов өз компаниясының жаман атты болғанын қаламайды" деген еді.
Қордан ақша "ұрланды"
2017 жылдың қаңтар айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласындағы департаменті Зейнетақы қоры мен "Бузгул Аурум" ЖШС арасындағы облигациялық келісім-шартқа қатысты сотқа дейінгі тексеру жүргізді. Нәтижесінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы Руслан Ерденаев пен қордың басқа да жетекшілері екі айға қамауға алынды. Себебі құқық қорғау органдары "Бузгул Аурум" ЖШС-ның облигацияларына инвестиция салу арқылы қордан 5 млрд теңге жымқырылған деген фактіні анықтады.
ҰҚК таратқан ақпаратқа сүйенсек, БЖЗҚ мен "Бузгул Аурум" ЖШС арасында жасалған керісімшарттан "шикілік" шыққан. Нәтижесінде "келісім "БЖЗҚ" АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаевтың ықпалымен жасалғанға ұқсайды, ол "БЖЗҚ" АҚ инвестициялық комитетінің жетекшісі бола отырып, қордың «Бузгул Аурум» ЖШС құнды қағаздарын сатып алуы үшін осы мәселені жылдамдатып шешу мақсатында қоластындағыларға ықпал еткен" деп пікір білдірді ҰҚК өкілдері. Осылайша зейнетақы қорында жиналған 5 млрд теңге "қолды" болды.
Қорға қарыз банк
Зейнетақы төңірегіндегі дау мұнымен тоқтап қалмады. Себебі S&P агенттігі ұзақ және қысқамерзімді кредиттік рейтингін дефолт деңгейіне дейін түсірген Delta Bank-тің активтері БЖЗҚ-ның инвестициялық портфелінде бар екені белгілі болды. Яғни 2017 жылдың 1 қаңтарындағы ақпаратқа сәйкес, Delta Bank-тің жалпы құны 24,9 млрд теңгені құрайтын облигациялары мен акциялары зейнетақы қорының порфелінде орналасқан. Мұның 14,8 млрд теңгесін Delta Bank 2023 жылдың 22 маусымына дейін өтеу керек. Ал 9,6 млрд теңге 2017 жылдың 18 қаңтарында төленуі тиіс еді. Бірақ банк міндеттемелерін уақытында өтей алмады.
Сондай-ақ, қордың инвестициялық портфеліндегі деректерге сәйкес, Delta Bank депозиттерінде зейнетақы қоры салымшыларының 13,4 млрд теңге қаржысы сақталған болатын. Дегенмен kapital.kz сайтының ақпаратынша, Ұлттық банк бұл қаражатты мерзімінен бұрын қайтарып алған.
Енді мынаған мән берейік. Ақпан айында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің алқа отырысында вице-министр Альберт Рау Бірыңғай зейнетақы қорынан теміржол машина жасау саласына 50 миллиард теңге ақша бөлінетінін айтты. Ал бұл ақпарат зейнатақы қорында қаржысы бар халыққа ұнай қоймағаны белгілі.
Осыдан кейін БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңес Ұлттық банкке сауалхат жолдады. Кеңес Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтан және БЖЗҚ төрағасы Нұрбүбі Наурызбаевадан теміржол саласына бөлінетін зейнетақы қорының 50 млрд теңгесі туралы жағдайды түсіндіруді сұрады. Жауап берілді де. Ұлттық банк "қаржыны инвестициялау туралы ұсынысты Қазақстан үкіметімен біріге отырып талқылайтын болады" деген жауап қайтарды.
Банктің мәліметінше, осы жылы БЖЗҚ қаржысын Қазақстандағы бірнеше жобаларға жіберу жоспарланған, оның ішінде отандық темір жол саласы да бар. "Бүгінде зейнетақы қорының қаржысын инвестициялау бағыты анықталған жоқ, әлі де Ұлттық қорды басқару бойынша Кеңестің қарауында жатыр", — деп түсіндірген еді қаржы реттеуші.
Осылайша Үкімет пен Ұлттық банк те БЖЗҚ ақшасы бір орында жата бермей инвестициялану керек, қорға дивидендтер алып келу керек, қордан жұмсалған ақша пайдалы инфрақұрылымдарға жұмсалу керек деген ой айтты.
Бұған ешкім дауласпайды да. Себебі бұл БЖЗҚ-ның 5 млрд теңгесін алып кеткен «Бузгул Аурум» сияқты компанияларға инвестициялаудан немесе дефолтты деңгейге жеткен Delta Bank-тің активтерін тартудан гөрі әлдеқайда жақсы.
Десек те Әзербайжан сияқты шетелдің банкінде зейнетақы активтері не істеп жүр? Ондағы қаражат қайтарылмаса кім жауап береді?
Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, Әзербайжанның халықаралық банкіне салынған қаржы қайтпай қалуы да мүмкін. "Біз Әзербайжанның заңы қандай екенін білмейміз. Олардың заңын қарау керек. Егер оларда да қайтарып беру туралы шарт болатын болса онда қайтарылады. Дегенмен 71,3 млрд теңге деген аз ақша емес. Сондықтан банк шынымен банкрот болса және шартта осынша сома қайтарылады деген шектеу қойылса қаржы толық қайтарылмауы да мүмкін. Зейнетақы қорындағы ақшаны Ұлттық банк үнемі реттеп отырады. Негізгі жауапты орган - ол Ұлттық банк. Олардың мақсаты сол жақтағы қаражатты еселендіру. Зейнетақы қорындағы қаражатты сондай құнды қағаздарға салады. Олар осылайша сондағы қаражатты пайдаланып, инфляциядан жоғары өсімді қамтамасыз етеді. Алайда тәуекелі жоғары құнды қағаздарға салынбау керек еді", - дейді ол.
Не де болса біздің көкейімізде "шетелдік банктегі қаражат қайтарылмаса кім жауап береді?" деген сұрақ қалды. Қазақстандық банк пен оның кейбір басшылары қордағы қаржыны жарылқамағанда, басқа елдің банкі қайдан жарылқасын?! Егер қорға қатысты мұндай дау-дамай көбейе берер болса аз жылда халықтың сенімі жоғалары анық....