АҚШ  пен Сауд Арабиясы арасында араб еліне  100 млрд долларға қару сату туралы келісім жақын арада өз күшіне енуі мүмкін. Бұл туралы Ақ үйдің басты дереккөздеріне сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлап отыр.

РБК агенттігінің мәліметінше, алдағы он жылда тасымалданатын қарулардың құны 300 млрд долларға дейін көтеріледі деген болжам бар. "Келісім аяқталуға жақын қалды", - деп жазады Ақ үйге сілтеме жасаған Reuters агенттігі.

АҚШ Президенті Дональд Трамп мамыр айының 19-ында Сауд Арабиясына баруды жоспарлап отыр. Бұл оның Президент болып сайланғаннан кейінгі шетелге алғашқы сапары болмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Bloomberg  агенттігі Сауд Арабиясы АҚШ-қа 40 млрд доллар көлемінде инвестиция құюға ниетті екенін хабарлаған.

Мамыр айының басында Reuters Вашингтон Сауд Арабиясына қару-жарақ жеткізуге арналған құны миллиардтаған долларды құрайтын келісімшарт жұмысын жандандырып жатқанын мәлімдеген. Агенттіктің мәліметінше, АҚШ араб мемлекетіне қолбасшылық және басқару жүйелерін, M2  Bradley жауынгерлік көлігін, өздігінен жүретін M109 артиллериясын жеткізуі мүмкін.

Ал Барак Обаманың кезінде Сауд Арабиясына жеткізілетін қару көлемін қысқарту туралы шешім шығарылған еді. Себебі сол кездегі АҚШ билігі Эр-Рияд әскери операция өткізіп жатқан Йеменде  бейбіт тұрғындарға зиян келуі мүмкін деп қорыққан.

 “The Qazaq Times”