КХДР Жоғары халықтық Ассамблеясының Сыртқы істер комитеті наразылық хатын жария етті. Хатта АҚШ Өкілдер палатасының Солтүстік Кореяға бағыттаған жаңа санкциясын айыптады. Бұл аталған санкция КХДР-ның шетел азаматтарын соттау, қамауға алу әрекеттеріне қаратылған болатын. Ресми Пиоңяң (Пхеньян) АҚШ-тың бұл әрекеті көпе-көрнеу дербес бір елдің ішкі саясатына араласқандық деп айыптады. Бұл туралы Қытайдың «Шинхуа» агенттігі Солтүстік Кореяның «Орталық Ақпарат» агенттігіне сілтеме жасап хабарлап отыр.
КХДР Жоғарғы халықтық Ассамблеясы Сыртқы істер комитеті АҚШ-тың өткен аптада жариялаған санкциясына күшті наразылығын білдіріп отыр. Аталған комитет АҚШ-тың бұл қарары Солтүстік Кореяның егемендігі мен халқының құқығына қол сұғу деп айыптады. Наразылық хатында: « АҚШ-тың бұл әрекеті әр-қайсы елдің теңдігі мен егемендігін сақтау және халықаралық құқықтың басқа да принциптерін өрескел бұзу болып саналады. Тіпті «БҰҰ қарарында» АҚШ өзі бастап бұзып отыр», – делінген.
Ашық хатта Америка Құрама Штаты Корей түбегінің бейбітшілігі мен тұрақтылығын бүлдіретін әрекеттерге мақсатты түрде барып отыр деген айыптаулар да бар. Оған қоса аталған наразылық хатында бұл әрекеттерінің Солтүстік Корея ядролық мәселесін шешуге көмектеспейтіндігін қадай айтқан. «Бұл АҚШ-тың өз заңын негіз етіп, өзгелердің ішкі саясатына араласу ісі деп есептейміз. АҚШ үкіметінің өзгелерге қысым көрсететіндігінің нақты мысалы», – делінген хатта.
Айыптамада бұдан басқа: «Америка шынымен де түбекте бейбітшілік орнатқысы келсе, немесе Солтүстік Корея ядролық мәселесін шешемін дейді екен, онда – түбекте тұрақты бейбітшілік режимін орнатып, КХДР-АҚШ қарым-қатынасының ережесін жасауы тиіс», – деген сөздер де бар. Бұл мазмұнға қарағанда, Солтүстік Корея өзіне деген әлем елдерінің қысымының ауырлап кетпеуінен алаңдайтын көруге болады. Демек, қатаң наразылық тасасында АҚШ-пен бітімге келу ниетінің де бар екені де байқалып тұр.