Ресейде бензиннің бөлшек бағасы 25 сәуір мен 2 мамыр аралығында 0,2 %-ға қымбаттаған. Ресейдің мемлекеттік статистика жөніндегі федералды қызметінің мәліметінше, жанармай бағасы соңғы 7 аптадан бері біртіндеп көтерілген.

Әзірге дизель отынының бағасы тұрақты. Десекте жыл басынан бері бензиннің құны 2,7%-ға, дизель отынының бағасы 2,5%-ға қымбаттаған.

Баға өткен аптада Мәскеу қаласында  0,3%-ға көтерілсе, Санкт-Петербургте 0,2%-ға қымбаттаған. Мысалы өткен аптада Мәскеуде АИ-92 (АИ-93) маркалы бензиннің литрі 35,00-37,90 рубль болса, АИ-95 маркасының литрі 38,50-42,20 рубльден жоғарылаған. Ал Санкт-Петербург қаласында АИ-92-нің литрі 35,00-36,89 рубльден сатылса, АИ-95 маркасы 38,70-40,94 рубль шамасында сатылған.

Ресейде бензин өндірісі 24-30 сәуір аралығында 11,8%-ға немесе 756,6 мың тоннаға дейін өскен. Ал дизель отынын өндіру 2,2%-ға, 1 млн 453,7 мың тоннаға дейін артқан

Ал бұл Қазақстанға қалай әсер етеді? ҚР Энергетика министрлігінің бензин бағасының құбылмалығына қатысты пікірлерін ескерер болсақ, біздің ішкі нарық тікелей Ресей нарығымен байланысты. Мұны экономист Ғалым Құсайыновтың пікірінен де аңғаруға болады. Ол осы жылдың ақпан айындағы Қазақстандағы бензин бағасының көтерілуін Ресейдегі жанармай бағасының жоғары болуы және валюта курсының өзгеруімен байланысты екенін айтқан. Яғни Ресейде бензин қымбаттаған болса, бізде де баға өзгеруі ықтимал.

"The Qazaq Times"