Әлемдегі ең қымбат пойыздар жайлы естіп пе едіңіз? Бір көліктің құнына тек бір ғана билет сатып алуға болады дегенге сенесіз бе? Әрине, жоқ. Бірақ  жапондықтар бұл қиялды да ақиқатқа айналдырды. Бүгінде әлемдегі ең қымбат люкс санатындағы жолаушылар пойызы өзінің алғашқы сапарына аттанды.

"Сики-сима" деп аталатын бұл пойызда 1 немесе 4 күндік саяхатты таңдай аласыз. Ал бағасы - 2860-тан 10 000 долларға дейін. Жапонияның ең көрікті жерлерін көріп, пойызбен саяхаттағыңыз келсе бүгінгі курспен - 3 152 200 теңгеңізді дайындай беріңіз, айтпақшы, бұл тек бір билеттің құны.

Пойыз 1 мамыр күні жолға шықты. Оның вогондары арнайы тапсырыспен алынған материалдардан  танымал дизайнер  Кен Киеюки Окуяманың идеясымен жасалған болатын.

East Japan Railway Company бұл жобасы туралы 2014 жылы мәлімдеген еді. Ал пойызбен саяхаттағысы келетіндердің саны тым көп. Тіпті алғашқы сапарға билет алу үшін бір орынға 76 тапсырыс түскен. Яғни тапсырыс берушілердің арасында ұтыс ұйымдастырылып, тек бағы шапқандардың ғана билет сатып алуға мүмкіндігі болған.

Пойыздың ішінде арнайы қызметкерлер сіздің саяхатыңыздың сәтті өтуіне барынша жағдай жасамақ. Бас аспаздан бастап даяшыға дейін тек өзіңіздің құзырыңызда.

Әзірге әлемдегі жалғыз болып табылатын пойыз кез-келген 5 жұлдызды қонақүйлерге лайықты бәсекелес бола алатыны сөзсіз.

Бір уақытта пойызда тек 34 жолаушы ғана саяхатқа шыға алады.

Пойызға Токио қаласында отырып табиғаттың ең керемет аймақтарынан  елдің қиыр солтүстігіндегі Хоккайдо аралдарына дейін барасыз.

Дөңгелектегі қонақ үй небәрі 10 вагоннан құралған. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қалталы азаматтар бұл люкс саяхатқа барынша қызығушылық танытуда. Егер Жапонияға баруды жоспарлап жатсаңыз, бір жылға күте тұруыңызға тура келеді. Өйткені, пойыздың билеттері 2018 жылдың наурызына дейін сатылып кеткен екен.

“The Qazaq Times”