Үнді-Тынық мұхит аймағында қақтығыс қатері барған сайын артып келеді. 21 қарашада басталған Филиппин теңізіндегі АҚШ, Жапония, Австралия, Канада және Германия қатарлы бес ел бірлескен ANNUALEX–2021 атты теңіз әскери жаттығуы кеше, 30 қараша аяқтады.
Батыс сарапшыларының пікірінше, Қытайдың арта түскен қауіп-қатері осы аймақтағы әскери жаттығулардың сипатын, көлемін өзгертті. Тіпті, алдағы уақытта Оңтүстік Қытай теңізі әскери жаттығу ең көп өтетін аймаққа айналуы мүмкін. Бұған ілесе осы теңіздің «қауіпсіздік температурасы» да көтеріле бермек.
Қытайдың жаңа держава ретінде бой көтеруімен, АҚШ пен оның Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы одақтастары және серіктері арасындағы әскери-қорғаныс ынтымақтастығы тереңдеді. Қазіргі осы аталған геосаяси аймақта өтетін әскери жаттығулардың тебіні бұрынғыға мүлде ұқсамайды. Айталық, кеше ғана аяқтаған ANNUALEX–2021 оқу-жаттығуда байланыс тактикалық жаттығулары, сүңгуір қайықтарға қарсы соғыс, әуедегі ұрыс жаттығулары, теңіздегі толықтырулар, палубадан ұшу жаттығулары және теңіздегі позицияны қорғау жаттығулары аса жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
ANNUALEX жаттығулары, шын мәнісінде, сонау 1990 жылдардан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Алайда, соңғы жылдардағы жаттығудың сипаты өзгерді. Бұрынғыдай қорғаныс ынтымақтастығын тереңдету, қорғаныс тәжірибелерімен алмасу ғана емес, қазіргі жаттығулар көбіне нақты ұрыс кезіндегі әскери операцияларға арналып жатыр. Оған қоса жаттығудың қаржылық шығындары да екі есеге көбейтілді.
Бұндай қарқынды әскери қимылдар сол аймақтағы елдер үшін қауіпсіздік күштерінің, әсіресе теңіз және әуе күштерін жедел арттыру сезімін арттырды. Қытайға теңіз арқылы шектесетін немесе географиялық жақтан жақын орналасқан елдер теңіз күштерін, зымыран қуатын, әуе күштерін жарыса дамытып жатыр. Тіпті, аймақ елдерінің қорғаныс бюджеті мен зымыран, әскери ұшақ, әскери кемені дамыту процестерін зерттеушілер көп ұзамай Қытайға жақын шағын елдерде қару-жарақ жарысы болады деп те болжайды.
Қазір аталған теңіз айдындарында жаттығу өткізетін елдер тек қана сол аймақ елдерімен ғана шектеліп отырған жоқ. Еуропаның НАТО-ға мүше, көшбасшысы елдері Германия, Франция, Британия секілді теңіз қожалары да аймақта әскери кемелерімен бой көрсетуде.