25 сәуірде 5 марқұмның ісі бойынша «Әруақтар соты» аталып кеткен процестің 13-отырысында жарыссөз өтті.

Істі Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 сотының судьясы Дәурен Мәукеев қарап жатыр. Прокурор Арман Нүгірбеков «резиденцияға шабуыл жасау барысында көзі жойылған» марқұмдарға жаңа айыптау актісін оқыды. Қорғау тарабы «көзі жойылды» деген сөзді қолдануды сынады.

Қаңтар қырғынында әскерилер қолынан оққа ұшқандар – Серік Керимов, Қанат Аубакиров, Нұрболат Қасымжанов, Аслан Валиев және Шыңғыс Тастанбеков. Тергеу ісінде олардың бәрі 5 қаңтарда атылғаны айтылады.

Прокурор Нүгірбеков қаңтаршылардың «көзін жою» операциясы жөнінде «Резиденция күзетіне жұмылдырылған әскерилер қызметтік міндетін орындау және өз өмірін қорғау мақсатында тиісті шара қолданып, Керимов, Аубакиров, Қасымжанов, Валиев құқыққа қайшы әрекеттерді жасау барысында көзі жойылды» деді.

Оң жақ жоғары шетте прокурор Арман Нүгірбеков. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Бірақ айыптау актісінің алғашқы және кейінгі нұсқасында да Шыңғыс Тастанбековтің нақты қай жерде оққа ұшқаны көрсетілмеген. Тек «жаппай тәртіпсіздік кезінде атыс қаруынан дене жарақатын алған және Алматы қаласы ауруханаларының біріне жеткізілген, сонда көз жұмған» делінеді.

Прокурор марқұмдардың қылмыстық жазасын ауырлататын мән-жай ретінде «ТЖ кезінде құқық бұзушылық жасағанын» алға тартты.

Белесов бес марқұмды да Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігі және 269-бабы 2, 6-бөлігімен кінәлі деп тауып, Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 11-тармағына сәйкес, істі қысқартуды сұрады. Бұл не өзінің жазықсыз екенін айтып ақтала алмайтын, не жаза арқалай алмайтын қабірдегі қаңтаршыларды заңды тұрғыда айыпты деп тану деген сөз. Мемлекеттік айыптаушының дегені – қылмыстық жауапқа тартуға жатпайтын әруақтарды сырттай соттау.

Бұл айыптауға үш жәбірленушінің өкілдері бірауыздан келісті. Олар:

  • Нұрбол Есенкелдіұлы – «ҚР Президенті Іс басқармасының Алматы қаласындағы Әкімшілік ғимараттары дирекциясы» ШЖҚ РМК тендерге жауапты маманы;
  • Қанат Малғаждаров – «ҚР Мемлекеттік күзет қызметі» ММ бас инспекторы;
  • Мухаммед Наметолла – «»ҚР ҰҚК Үкіметтік байланыс қызметі» РММ басқарма басшысы.

«Әрауақтар сотының» адвокаттары айыптау актісіне қарсы

Адвокат Шамиян Жайылғанов:

«Марқұмдардың әрекеттерінен заңға қайшы ешқандай дүние көргенім жоқ. Қасымжанов та, Аубакиров та көшеде бүлік жасамаған. Резиденция қасиетті нысан болса, елдің бәрін атып неге кетіп қалды. Тирде отырған ұқсап қырып салды. Шаш ал десе бас алып, қылмыскерлердің орнына қарапайым азаматтарды не үшін қырып жойды? Мұндағы 5 адам қылмыс жасамаған. Атқандарды полиция департаменті неге құпия қалдырды. Жазықсыз бес адамды атқандарды тауып, содан кейін барып анықталған. Прокуратураның ойлап тапқан парадоксі – атқандардың әрекетінде қылмыстық құрам жоқ. Қасымжанов пен Аубакиров – жәбірленуші. Керісінше атқандар – сезікті қылмыскерлер. Бір де бір дәлел жоқ. Әйтеуір бар ауыртпалықты сотқа сілтеп ала-құлаш өткізе салды. ...272-бабын тағуға негіз жоқ. Ақтауды сұраймын. Егер оған көнбесеңіз, бәріміздің көзіміз жеткендей тергеудегі көптеген кемшіліктерді түзету үшін істі кері қайтарыңыз».

;t=1211s

Адвокат Долда Жақсылық:

«Марқұмдардың туыстарын соттан сотқа сүйреу биліктің ақылға сыйымсыз әрекеті. Өзі жоқтың көзі жоқ, айыптау оңай, қорғау қиын. Бейнежазбалар әбден монтаждалған. Толық нұсқасы неге жасырылған. Тастанбековке қатысты 4 бейнежазбаның бәрі де кесілген. Менің таңғалатыным – сот фототехника сараптамасын орындамауы. Жаптым жала, жақтым күйе деп белгісіз адамды Тастанбеков теліді. 5 куәгер жауабында алғашқы көрсетпесінде Тастанбековке тергеушінің үйретуімен бергенін жазған. Әкімдік я резиденция түбінде оққа ұшпаған. Тастанбековтің өлім себебін анықтамайынша, оны айыптау еш ақылға қонбайды. Қазір сіз жазықты деп танысаңыз, оның өлімі мүлде ашылмай қалады. Тергеу материалдарында сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтар көп, бір сараптаманың өзі екі датамен көрсетіледі, жарақат орны да түрліше, детализация жасалмаған. Мемлекеттік айыптаушы «көзі жойылды» дейді, әуелі қашан және қандай жағдайда не себеппен көзі жойылғанын анықтасын. Мына істі қосымша тергеуге қайтарыңыз. Істегі қайшылықтар анықталып, тиісті сараптамалар жасалсын».

;t=216s

Адвокат Гүлнәр Оспанова айыптау актісіндегі мағыналық-уәжді қателіктерге шолып, кеңінен талдау жасады. Сонымен қоса, ондағы жалпылама болжамдардың негізсіздігіне сот назарын аударды. Ол бұрын сотты болмаған, офицер шеніне ие марқұмның өлімі жайлы «куәнің Валиев КамАЗ көлігіне жетпей оқ тиіп жерге құлады дегені прокурордың КамАЗ көлігін тізгіндеді деген айыбын терістейді» деді.

– Заң талаптарына сүйенсек, ешкім өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес. Кінәсіздік презумпциясы деген бар. Бүгінгі айыптау актісін оқыған прокурор сотта зерделенген дәлелдемелерге баға бермеген. Айыптау актісін баяғыша жалаң оқып берді. ...Айыптау актісінің авторы оны өз пайымымен жазған. Оған менің қорғауымдағы марқұм азаматтың не қатысы бар? Айытау актісін жазар алдында жалпылама болжам ақпараттар берілмеуге тиіс еді.  ...Айыптау актісіндегі тұжырымдардың ешқайсы дәлелін таппады. Қиынды бейнежазбаларды сенімді дәлел деуге келмейді. ...Аубакиров пен Валиевтің бір-біріне еш қатысы жоқ.

 

...Марқұмның гамажында іздер бар. Сарапшы айтқан осы көк гамаж неге жоғалды? Сіңірінен арматура табылды, табанынан оқ атқан. Кіл болжаммен айыптау дұрыс емес. Әр ісіміздің жауабы болады екен. Құрметті сот, үкім шығарарда әруақтар екенін ескеруіңізді сұраймын. Ақтаңыз демеймін, істі қысқартуды сұраймын, – деді Оспанова.

Марқұм Валиевтің денесіндегі жарақат-азаптау іздерін ҰҚШҰ (ОДКБ) әскері жасаған болуы мүмкін деген долбарын бөлісті адвокат.

«Әруақтар соты» қоғам мен құқық қорғаушылар тарабынан қатаң сыналса да бірнеше өңірде жүріп жатыр. Дәл осыған ұқсас Қаңтар құрбандарын соттау тәжірибесі жуырда Тараз қалалық сотында болды. 7 ақпанда судья Бағдат Төребекұлы 5 марқұм мен 4 тірі адамды кінәлі деп таныған үкім шығарған. Тергеу жала мен бұрмалаумен, сот әділетсіз жүрді деген марқұмдардың туыстары олардың кейбірі кездейсоқ, енді бірі бейбіт наразы болғанын айтып, облыстық сотқа апелляция шағымын түсірген. «Әруақтар сотынының» алматылық нұсқасын қарап жатқан судья Дәурен Мәукеевтің өндірісінде Қаңтаршыларға қатысты тағы бір күрделі «24+1 ісі» бар. Онда 24 тірі және бір марқұм қаңтаршы айыпталуда. Бірақ қаңтаршылардың кемі 18-і өзіне тағылған айыппен мүлде келіспейді, жала деп есептейді. Мәукеев осыған дейінгі қызмет бабабында 2017 жылы журналист Жанболат Мамайға айыптау үкімін шығарған.

The Qazaq Times