Тараз қаласында қанды қаңтар қырғынында оққа ұшқаны және тірі қалғаны бар тоғыз адамға сот үкімі оқылды. Судья марқұмдар мен көзі бар сотталушылардың бәрін айыпты деп таныды. Қорғау тарабы айыппен келіспейді, жалған жала деп есептейді. Үкімге қарсылық, қысымға ұшыраған қаралы отбасылар, алқалаған арнайы жасақ… Даумен басталып, шумен аяқталған алғашқы сот инстанциясының соңғы отырысын баяндайық. 

Тараз соты. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Тараз соты. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Журналистерге кедергі жасауға әдеттенген сот

Отырыс басталғанға дейін сот қызметкерлері журналистерді залға кіргізбей жарты сағаттай бөгеді. Көрші бөлмеде монитор арқылы бақылауды сұрады. Өзін таныстырудан бас тартқан баспасөз қызметінің өкілі есік алдында тілшілерді өткізбей тұрды. Маска таққан ол «Мен қызмет бабындамын, өзімді таныстырмаймын» деді.  

Залға кіруге кедергі келтірген тағы бір қызметкер «менің аты-жөнім керек емес» деп жасырып бақты. Монитордан бақылауға дайындалған деген «арнайы зал» тар, қырық шақты адам иық тіресіп отырды. Ақыры өзінің Ербол Дүйсенбаев екенін айтқан Тараз қалалық сотының төрағасы ашық сот отырысындағы журналистердің құқығы туралы Жоғарғы соттың қаулысын еске салған соң ғана операторларға рұқсат етті.

«Сіздер әдейі уақыт алып тұрсыздар» деп жазғырды төраға Дүйсенбаев судьяның кешігіп келгенін ескерместен. Тараз соты ашық отырыстардың өзінде журналистерді залға кіргізбейді, негізсіз түрлі ережемен БАҚ қызметін шектейді. Осылайша тілшілерге кедергі келтірумен сот процесі белгіленген уақыттан бес-он минутқа кешігіп басталды.

Үш ай ішінде өткен 59 отырыста судья журналистерді сот залына кіруге тыйым салған. Салдарынан көрші бөлмедегі монитордан видеоға түсіруге тура келген еді. Тіпті желтоқсанда  алматылық тілшілер барғанда сот отырысын әлдебір түсініксіз себеппен кейінге шегеріп тастаған кезі де болған. 58-отырыста судья Бағдат Төребекұлы өзі жоқ кезде де тілшілер сот залына мүлде кірмесін, жоламасын деген шешім қабылдаған.

Өлі-тіріні түгел жазықты деп тапқан судья үкімі

Журналистерге қырын қарайтыны тілшілерге қарсы негізсіз ереже ойлап табуымен байқалған судья Бағдат Төребекұлы бұл жолы, үкім оқуға маскасыз келді. 24 минут оқылған үкімнің ресми бөлігіне сәйкес сотталушылардың барлығы айыпты деп танылды.

Тараз қалалық сотының судьясы Бағдат Төребекұлы. 7.02.2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Тараз қалалық сотының судьясы Бағдат Төребекұлы. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Тірі төрт қаңтаршыға:..

Қазақстан Республикасы атынан жарияланған үкімде 9 адамның барлығы айыпты деп танылды. Таратып айтқанда, көзі тірі төрт қаңтаршының бірі – 45 жастағы жамбылдық Марат Бекбауовқа Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігінің «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» айбымен кінәлі деп танылды. Бір жылдан бері күзетпен тергеу изоляторында болған оған жазасы толық өтелмеген бұрынғы соттылығы себепті екі жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ жаза өтеу кезінде алкоголизмнен мәжбүрлі түрде емдеу шарасын тағайындады. 

Төрт адамның үшеуі сот залынан босатылды. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Дәл осыған ұқсас айыппен 36 жастағы Ғани Керімбаев та кінәлі деп танылды. Тағайындалған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы күзде қабылданған «Рақымшылық жасау туралы заң» аясында 9 айға дейін қысқарды. Осыған дейін он ай тергеу қамауында отырған әр күні екі тәулікке есептеліп, жазасы толық өтелген деп танылды. Үкім күшіне енгенше жарамды қолхат негізінде бірден сот залынан босап шықты.

Жаппай тәртіпсіздікке қатысты (ҚК 272-бабы 2-бөлігі) деген айыппен 24 жастағы Нұрбол Ережепов кінәлі деп танылды. Сәйкесінше үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы рақымшылықпен 9 айға шейін қысқарды. Ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен жүрген Ережеповтің үлгілі тәртібін ескере отырып, бұл мерзім шартты жаза түріне ауыстырылды. Тоғыз ай өткенше пробация қызметінің бақылауында болады.

50 жастағы Асхат Ташекеевті айыптау актісінде көрсетілген 272-баптың 1-бөлігіндегі қылмыстық құрамның болмауына байланысты ақтап, бірақ 3-бөлігімен кінәлі санап, екі жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды. Рақымшылық шеңберінде жазадан босатылды. Он ай тергеу абақтысында отырған Ташекеев сот залынан босап шықты.

Тоқетері, көзі бар төрт азаматтың барлығы кінәлі деп танылды да, де-факто біреуі Бекбауов жазасын түрмеде өтейтін болып шешілді.

Қаңтар құрбандарына:..

21 жасында мерт болған Ержан Байжановқа Қылмыстық кодекстің екі бірдей айыбымен (272-бабы 2-бөлігі «Жаппай тәртіпсіздікке қатысу» және 287-бабы 3-бөлігі «Атыс қаруын, оқ-дәрілерді заңсыз иемдену, алып жүру») кінәлі деп танылды. Прокурор тап осы екі айыппен жазалауды сұраған тағы бір марқұм Райс Рысбековтің 287-бапқа қатысы жоғы анықталып, ақталды. Қарусыз болғаны дәлелденген 19 жастағы бозбала алаңда атылған. Жалпы сот бес марқұмның бәрін бірдей жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айыппен жазықты деп таныды. Олардың қатарында Байжанов және Рысбековтермен қоса, 20 жаста қаза тапқан Тоқтар Ошақбай, 46 жасында опат болған Исатай Донбаев, 18 жасында өлтірілген Нұрсұлтан Қуатбаев бар.

Марқұмдардың туыстары үкім тыңдап тұр. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Марқұмдардың туыстары үкім тыңдап тұр. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Үкім қарарымен марқұмдар қазасына байланысты жазадан босатты.

Судья ауыр қылмыс жасады деп таныған Марат Бекбау, Ғани Керімбаев, Нұрбол Ережеповтан жәбірленушілер төлемақы қорына 20 АЕК (61 мың теңге), Асхат Ташекеевтен 15 АЕК (45 мың теңге) көлемінде мәжбүрлі төлем өндіруге үкім етті. 

Төребекұлы ресми үкім он күнде күшіне енеді деп, жаза тағайындамасын 18 минут түсіндірді.

Судьяның ақылы – «айқай-шу керек емес»

Судья Бағдат Төребекұлы сөз соңында сотталушылардың туыстарына қарата «ұлдарыңыз үйде отыруы керек еді» деді. 

– Сот марқұмдардың айыбы толық дәлелденді деген тұжырымға келіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, 3 қаңтардан бастап (2022 жылдың – QT) ел президентінің жарлығымен төтенше жағдай енгізілген. Бүкіл ел тұрғындары тиісті дәрежеде хабарланғанына қарамастан, сотталған тұлғалар алаңға келген. Ата-аналар сіздерге де айтайын, ол уақытта ұлдарыңыз үйде болуы керек еді. Алаңға шығуға болмайтын, – деді Төребекұлы. 

Процестік шығындар мемлекет есебінен өтелгеніне назар аударды. Бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспеген жағдайда тараптар он бес күн ішінде аппеляциялық шағым түсіруге құқылы екені айтылды.

«Ешқандай айқай-шу шығарудың қажеті жоқ. Келіспесеңіздер тиісті сот сатысына жүгінуге құқылысыздар» деді судья ата-аналарға қарата.

Сот жасақтың көмегімен залдан кеткенде

«Үкім бойынша түсініксіз жері болса, сұрақтар болса, сұрасаңыздар болады?» деген судья Төребекұлы марқұмдардың заңды өкілдері қойған сауалдың бірде-бірін тыңдамады.

Үкім оқылғаннан кейін сот залында сотталушылардың туыстары жазамен келіспейтінін айтып, наразылық білдірді. Залға арнайы жасақ сау етіп кіріп келді де, судья мен ата-аналардың ортасына шеп құрып тұрды. Оқиғаны қалт жібермей қадағалап жүрген Жамбыл облыстық прокуратурасының өзін таныстырмаған өкілі (соттағы әріптестері Алмаз Жұмабеков деп атайтын – QT) бет-жүзін бүркеген жасаққа адамдарды залдан шығаруға тапсырма берді.

Наразылар «Таразда әділ сот жоқ», «Жазықты дегенге бір дәлел жоқ», «Неге өйтесіңдер?», «Судья, бала-шағаңның қызығын көрме», «Өлген адам сөйлемейді деп, барлық айыпты артасыңдар ма?!», «Өлген адам сөйлемейді деп істегені» деп айқайлады. Залдан шыққанда сот ғимаратының фойесінде сотталушы марқұм Исатай Донбаевтың әпкесі Шолпан Донбаева «Не үшін ақталмады? Кінәлі екеніне дәлел жоқ қой, артында қалған үш баласына не айтамын» деп жылап қалды. Күйзелістен денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем көмегіне жүгінді. 

«Өліп қалған адамдар кінәлі ме сонда, өлтіргендерді табыңдар» деп күйіне айқайлады. 21 жастағы ұлынан айырылған Бақытжан Шыңғысбек «марқұмдарға тыныштық бермейсіңдер ме, Тоқаевтың «Әділетті Қазақстаны» қайда? Судьяның айыптайтындай бір дәлелі жоқ» деп ашынды. 

Кәмілетке жаңа толған немересінен айырылған әйел. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Қаңтарда кәмілетке жаңа толған немересі оққа ұшқан әйелдің әділдік талап етіп тұрған сәті. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Ашуға булыққан көпшілік «Тараздан басқа жерде де сот бар. Баламды өлтіргенде қайда болдыңдар? Балалардың әкесін, өлтірген адамды тауып беріңдер. Сот кезінде адамды өлтіріп алаңға әкеп тастағаны айтылды ғой, соңына дейін күресеміз. Қайта қаралсын, тағы сотқа береміз» деп талап қойды. 

Ғимарат алдында жылап-сықтаған топты арнайы жасақ бақылап тұрды. Құқық қорғау органдарының кей қызметкерлері жағдайды видео құрылғыға түсіріп тұрғанына наразылық туды. Ата-аналардың қарсылығына қарамастан түсірілімді жалғастырды. «Қоғамдық тәртіпке жауап береді дейсің, қоғамдық жауапкершілік сендерде қайда?» деді.

Арнайы жасақ пен азаматтық киімдегі орган өкілдері тобы және сотталушылардың туыстары арасында кикілжің болды. Наразы ата-аналар арнайы жасаққа «Қаңтарда біздің балаларымызды атқан сендерсіңдер», «артымыздан аңдуды қойыңдар», «біреудің қарғысын алғанша, мына жұмыстан шығып кетпейсіңдер ме?», «Қаңтарда бәрің тастап қаштыңдар ғой, қайда болдыңдар?», «Қаңтар қайталанғанын қалайсыңдар ма?» деді. Алты баласының тұңғышы, қолғанаты 19 жасында өлтірілген Райс Рысбековтің анасы атқан қылмыскер анықталып, жазаланбаса өзіне қол жұмсайтынын айтты.

 Жұрттың жанайқайы: «Балаларымыздың қанына тұншығыңдар» 

Нигора Закаряева:

– Судья білімсіз. Ұлым кісі қолынан азапталып өлді. Бізге Таразда әділ сот болмайды деп қаншама айтылып еді. Әулиеата ғой деп сеніп едік. Судья бұл атқа лайық емес. Егер айыпты деп есептесе, баламды тірілтіп әкеп, сот залына қойып тұрып соттасын. Олай қолынан келмей ме марқұмдарды ақтау керек еді. (Прокурорға қарап – QT) Баламды өлтірген, бел-қабырғасын, аяғын сындырған, шатынан атқан адамды тауып бересіңдер. Прокуратура соны істеп, содан кейін барып соттайсыңдар. Сырттан ешкім келген жоқ. Олар осында жүр.

Нигора Закаряева азапталып өлген жалғыз перзентін жазықты деп таныған үкіммен келіспейді. Сырттай видеоға таспалап жүрген арнайы жасақ пен полицейлер көңілі сынық топтың ашуын өршелендірді. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Нигора Закаряева азапталып өлген жалғыз перзентін жазықты деп таныған үкіммен келіспейді. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Арнайы жасақ қызметкерінің бірі сотталушы марқұмның әкесін балағаттап, шеп ішінде «айырып кету керек» деді деген күдікке ілініп, жанжал үдеді. Марқұмдардың жақыны «Балаларды өлтіргені былай тұрсын, енді ата-аналарға шығайын деді ме мыналар?..» деп ашынды.

– Ақтағанша қоймаймыз. Сотта ешқандай дәлел болған жоқ. Жалған куәлердің сөзімен өлгеннен кейін өзін ақтай алмайтынын біліп істеп отыр. Әділдік жоқ бізде. Соңына дейін барамыз. Бауырымның балаларына не айтамын..? – деді Шолпан Донбаева.  

Шолпан Донбаева

«Тыныш жүрмесең, шесть секунда іс қозғатып жіберем» 

Бақытжан Шыңғысбек:

– Жамбыл облысы Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасы басшысы Науатбек Серпенұлы Қалымбетов қалтаңа есірткі саламын деп қорқытады. Сол кісімен кездескен сайын бопсалап, қоқан-лоқы көрсетеді. Шесть секундта подстава жасап, соттатып жіберемін дейді. Оған баламды атқан адамды тауып бер дедім. Неше мәрте осылай етіп келеді. Артыңа адам салып қояды. Біз сонда қауіпті қылмыскерміз бе, террористің әкесі ме едік? Қатты қысым көрсетіп жатыр. Қит етсе, бір нәрсе қылып түрмеге тығам дейтіні рас. Қайталап айтқым келеді – егер маған бірдеңе бола қалса, мені қамап, жалалы етсе, осы кісіден көріңіздер. Қайда жүрсем де, не істесем де артымнан көлікпен адам аңдып жүреді. Көлігіме тыңдау құрылғысын салып қойған болуы да мүмкін, күдіктенем, – деп алаңдады.

Биыл қаңтар айының басында кабинетінде «тыныш жүр, бүйтіп жіберем, сөйтіп жіберем, кімге сеніп жүрсің, сені бір-ақ сәтте қарамағымдағылар сені суретке түсіреді, адам жинап жүр деп іс қозғап жіберем» деп доқ көрсетті дейді Шыңғысбек.

Сырттай видеоға таспалап жүрген арнайы жасақ пен полицейлер көңілі сынық топтың ашуын өршелендірді. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Сырттай видеоға таспалап жүрген арнайы жасақ пен полицейлер көңілі сынық топты өршелендірді. 7 ақпан 2023 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Бақытжаннан бөлек перзенті оққа ұшқан төрт ата-ана да арнайы қызмет және құқық қорғау органдары қызметкерлері артына кісі салу, аңду, желідегі аккаунттарын бақылау, көпе-көрнеу жолын кесу сияқты заңға сыйымсыз әрекеттерге жиі баратынын растады. Тілшілерге азаматтық киімде аңдып жүретін қызметкерлердің фото, видеоларын да жолдады. 

Бірнеше сот отырысына барған журналистер прокуратураның азаматтық киімдегі лауазымды қызметкерлері ғимарат іші-сыртын торуылдап, марқұмдардың ата-аналарын бақылап жүргенін көрген.

QT облыстық департаменттің сайтындағы қызметтік нөмірге хабарласқанымен, баспасөз қызметі тұтқаны көтермеді. ПД басшылығынан телефонға жауап берген хатшы тергеу қызметіне, ал ол Антикор мен прокуратураға сілтеді. Салдарынан нақты жауап алу мүмкін болмады.

Тараздағы Қаңтар тергеуіне көңілі толмайтындар көп

Марқұмдардың туыстары журналистерге алдағы уақытта апелляциялық сотқа, нәтиже болмаса, Жоғарғы және Конституциялық сотқа дейін шағымданатынын айтты. 

Билік мәліметінше, былтыр Таразда Қаңтар оқиғасында 15 адам оққа ұшқан. Адам өлімі бойынша қозғалған істердің барлығы жабылған. Марқұмдарды атқандарды анықтаудың орнына оларға қарсы қылмыстық іс қозғады. Осымен сот үкімі жеті марқұмды қылмыскер деп таныды.

The Qazaq Times