Алматы қаласында 19 наурыздағы сайлаудың әділетсіздігі мен нәтижесіне наразы кандидаттар, қоғам белсенділері Халық парламентін құрды. 1 сәуірде алғашқы отырысы өтті.
Кезекпен сөз алған қатысушылар саяси жүйені және сайлау ережесін өзгерту жайлы ұсыныстарын білдірді. Қазіргі жағдайды, осыған жеткізген билікті өткір сынады. Мемлекеттік басқару формасын парламенттік жүйеге ауыстырып, сенатты тарату, мәжіліс құрамын 250-300 депутатқа дейін кеңейтуге арналған референдум жариялау жөнінде бастама көтерілді. Әуелі саяси тұтқындарды босатып, сайлау заңын демократияға сәйкестендіру талабы қойылды. Сот билігінің толығымен тәуелсіз болуына жағдай туғызу жайы да аталды. Орталық сайлау комиссиясының жетекшілігін сайланбалы әдісте айқындау, әкімдерді сайлау тақырыбы назардан тыс қалмады.
200-ге тарта адамның басын қосқан жиын 3 сағаттан аса уақытқа созылды. Модератор Мұхтар Тайжан Халық парламентінің бірінші отырысын ұйымдастыруға қаржылай демеу болған азамат өзінің атын құпия қалдыруды сұрағанын айтты.
Сәуір басындағы оппозиция өкілдерінің басым бөлігі бас қосқан жиында қоғам қайраткері рысбек Сәрсенбайұлы жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, 9 сәуірге жалпыхалықтық митингке шақырды. Ол өңір-өңірде билікке 2 сәуірге сайлау нәтижесінің бұрмалауы себепті жарамсыз деп тану талабымен наразылық өткізуге рұқсат сұрап, өтініш тапсырғанымен, оның ешбірі қанағаттандырылмағанын еске салды. Билік рұқсат етпесе де сәуірдің 9-ы митинг өтетінін мәлімдеді. Сонымен қоса, Сәрсенбайұлы полиция өзін ұстап-қамаған жағдайда да қарсылық акциясы өтуі керектігін айтты.
Халық парламентінің алғашқы отырысында айтылған пікірлерді ескере келе Рысбек Сәрсенбайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа халық талабы ретінде ашық үндеу жасады. Оның толық мәтіні төмендегідей:
«Сіздің жарлығыңызға сәйкес, 2023 жылғы 19 наурызда кезектен тыс ҚР парламенті мәжілісінің және аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттардың сайлауы өтті. Бұл сайлау авторитарлық-тоталитарлық жүйенің сол қалпында сақталып қалғандығын көрсетті. Саяси реформа жасау, демократиялық құндылықтарды қадырлеу, азаматтардың құқығын қорғау сияқты сөздеріңіз іспен дәлелденбеді. Бәрі керісінше болып жатыр. Мажоритарлық сайлау жүйесін ішінара қайта енгізуге байланысты жұртшылықтың көңілінде аздаған сенім ұялаған еді. Ол сенім мүлде ақталмады, биліктегілер алдап соқты. Дауыс ұрлайтын, санау нәтижесін бұрмалайтын, көрсеткіштерді қолдан жасайтын мұндай сайлау- сымақтан миллиондаған адам одан әрі түңілді. Мемлекетке және оның басшысы – Сізге деген сенімсіздік, жеккөрініш үдей түсті. Халыққа берген уәдесін орындамаған, ақырында қарғысқа ұшыраған Назарбаевты қайталасаңыз, кім болғаныңыз? Алдампаз, диктатор болғаныңыз.
«Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған орталық сайлау комиссиясы және бас прокуратура жауапты» деген мәлімдемеңіз жайына қалды. Тапсырмаңызды керісінше орындаған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Абдиров пен бас прокурор Б.Асыловқа қатаң шара қолданыңыз! Қазақстан халқының сенімін ұрлаған, ақымақ санап алдаған, қорлаған, намысын, құқығын аяққа таптаған оларды қызметтен кетіріңіз! Заңмен жауаптаңыз! Егер ол қолыңыздан келмесе, онда Сіздің қуыршақ президент болғаныңыз! Сайлауға бөлінген 33 миллиард теңге халық қаражатын желге ұшырғанмен бірдей еткен, мемлекеттің, оның басшысының абыройын айрандай төккен, ондаған миллион азаматтың сайлау атаулыға сенбестігін туғызған серіктеріңізге аяушылық жасамаңыз. Өйткені олар Конституциядағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады» деген қасиетті қағиданы тәлкек етті. Бұл сайлау «еркін сайлау» емес, «еріккеннің ермегіне» айналғандай әсерде қалдырды. Кезектен тыс сайлауға берген Сіздің және атқосшыларыңыздың жалған бағаларыңызға келіспейміз! Саяси науқанның өте ұятты жағдайда аяқталғаны үшін жауапкершілікті Сіз де өз мойныңызға алыңыз. Біз осыны талап етеміз! Сіздердің өтіріктеріңіз өрге баспайды. Бәрін халық көріп отыр. Ақиқатты мойындау – ардың ісі.
Қазақстандықтардың басым бөлігі сайлаудың жаппай заң бұзушылықтармен өткеніне наразы және оның бұрмаланған нәтижесіне қарсы. Сайлаудағы толып жатқан заңсыздықтарға жол ашқан орталық сайлау комиссиясы, бәріне көз жұмып қараған прокуратура мен сот орындары депутаттыққа кандидаттардың арыздарын аяқсыз қалдырды. Жасалған қылмыстарды бүркемелеп отыр. Заң жолымен әділдікке жету мүмкін болмай тұр. Мұндай жағдайда көшелер мен алаңдарға шығып, талап етуден басқа жол қалмады. Біздің талаптарымыз: жаңадан сайлау өткізілсін! Әділетсіз, лас сайлау арқылы «Аманаттан» және оның көшірмесі саналған «партиялардан», жарамсақтардан жасақталған парламент Мәжілісі заңсыз, легитимді емес деп танылсын!
Бізге өзгеріс керек! Өзгерісті жасайтын адал, жігерлі, жүректі, білікті, нағыз халықшыл азаматтар сайлауға қатыстырылсын. Таза сайлауда жеңсін. Билікті қолға алсын! Бұған ешқандай кедергі жасалмасын! Енді оған кедергі жасасаңыз, Назарбаевтың артынан кетіңіз! Басқа айтарымыз жоқ! Халықты атарға оғыңыз болмасын!» деп таныстырды Сәрсенбайұлы халық талабын.
Отырыс соңында қатысушылар бірауыздан жиын қарарын қабылдады. Құжатты көпшілікке белсенді Мұрат Оспанов оқып берді. Онда ірі саяси реформалық талаптар айтылды. Түпнұсқасын ұсынамыз:
«Халық парламентінің қарары
Саяси тұтқындарға, қаңтар күрескерлеріне бостандық беру, қуғындауды тоқтату – бүгінгі күннің басты талабы.
Қазақстан Республикасы үкіметін басқаруға Әлихан Смайыловтың тағайындалуы – үлкен қателік. Ол басқарған үкімет өз жұмыстарын дұрыс атқара алмады. Соған қарамастан сенім білдіріп, жауапкерлік артқан жаңа парламенттің «Аманат» партиясының кадрлық саясатын қолдауы – оның дәрменсіздігін көрсетеді.
Жаңа Конституция қабылдау туралы, Мәжіліс құрамындағы депутаттар санын 250-300-ге жеткізу, оның 51 пайызын мажоритарлық, 49 пайызын партиялық тізіммен сайлау туралы сұрақтарды Референдумға шығару ісі қолға алынады. Бұл іске 25 сәуірден бастап кірісу қажет. Мемлекетті басқарудың президенттік жүйесін парламенттік жүйемен ауыстыратын уақыт жетті.
Президент Қ.Ж.Тоқаевқа қойылған осы жиындағы халық талабы қуатталсын. Кезектен тыс, заң бұзушылықтармен өткізілген парламент мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауы заңсыз, легитимді емес деп танылсын! Заң бұзушылықты ұйымдастырғандар жауапкершілікке тартылсын, ОСК төрағасы қызметтен алынсын! Референдумнан соң жаңа сайлау өткізілсін!
Сайлауларды өз пайдасына қарай өткізу мақсатында әкімшілік мүмкіндіктерін пайдаланып, халықты алдаумен келе жатқан, заң бұзушылықтардың дем берушісі - «Аманат» партиясының қызметін тоқтатқызу туралы мәселе күн тәртібіне қойылсын!
Петропавлдағы сеператистік әрекеттердің Еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қатер төндіретіндігін ескере отырып, оған жол берген ҰҚК ның жұмысы төменгі деңгейде деп бағалансын. Солтүстік Қазақстан облысы ҰҚК департаментінің бастығы қызметінен алынсын! Патриоттарды, азаматтық белсенділерді қудалаумен, саясаткерлерге қастандық жасаумен айналысудан қолдары босамайтын күштік құрылымдарға түбегейлі реформа жасау қажет.
Ресейдің экономикалық, ақпараттық үстемдігіне жол беруге болмайды! Біз Украйнаға жасалған опасыздықтың қайталануынан қауыптенеміз және оны болдырмау үшін Қазақстан халқын отаншыл болуға, бірлікті сақтауға шақырамыз.
«Халық парламентінің мақсаттары мен міндеттері» және «Халық парламентінің жұмысын үйлестіру тәртібі» негізгі құжат ретінде қабылдансын».
Саясаттанушы сарапшылар мен қоғамның едәуір белсенді бөлігі бұл талаптарды жылы қабылдады.
Халық парламентінің жиынынан шыққан 200 адамды сыртта әр жерде полиция, ҰҚК қызметкерлері әрі Алматы қаласының әкімдігінің бұрынғы ішкі саясат, қазіргі қоғамдық даму басқармасының басшысы міндетін уақытша атқарушы Айдар Есенбеков Рахымжанұлы күтіп алды.