Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелден келетін қандастарға арналған "қазақ картасын" енгізуді жоспарлайды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

Ведомство "қазақ картасы" Қазақстанда бизнес жоспарын жүзеге асырғысы келетін "жоғары деңгейдегі маман" қандастар мен бизнеспен айналысатын шетелдік қазақтарға бермек.

"Қазақ картасын" алған қандастар Қазақстанда бизнес ашып, үй мен мүлік алып, қаржылық операциялар жүргізе алады, бірақ саяси құқық берілмейді. Министрлік "қазақ картасына" өтініш қабылдаған кезде қандастың келетін жерін айқындап, барған жерінде белгілі бір мерзім тұрса, азаматтық беру де қарастырылады дейді. Ведомство "қазақ картасын" алатын қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге баруға ынталандырмақ.

Министрлік бұл бастама қандастарды отанымен байланыстыруға жол ашады дейді.

Сондай-ақ министрлік солтүстік пен орталыққа ішкі көші-қонды ынталандыру үшін "ұтқырлық сертификатын" да енгізбек. Бұл сертификатпен солтүстік я орталыққа қоныс аударған қазақстандықтарға үй құнының 50 пайызына қаржылық көмек алады. Ведомство азаматтар бұл соманы үй салуға не сатып алуға, сондай-ақ "Отбасы банкіне" бастапқы жарнаны төлеуге жұмсай алады дейді. Бұған қоса, орталық және солтүстік өңірлерде өндіріске және техника алуға жеңілдетілген кредиттер берілетінін айтады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында қоныс аудару және миграция саясатына реформа жасау жайлы айтқан еді. Ол қоныс аудару "кәсібилікке" мән беру керек деген.

Бұған дейін Қазақстан билігі оңтүстіктегі тұрғындарды Ресеймен шекаралас солтүстік және шығыс облыстарға көшіретін бағдарлама ашқан. Бұл бағдарлама аясында оңтүстіктен солтүстікке көшем деген тұрғындарға үй, кәсіп ашу, жұмыс жағынан көмек көрсетілген еді. Бірақ оңтүстіктен солтүстікке көшіп барғандар арасында бағдарлама шарттары орындалмады деп кері қайтқандар да болған.

7 қыркүйекте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі инвесторларға, ғалымдарға, тәжірибелі мамандарға ұзақ уақытқа виза беру концепциясын ұсынған. Бұл визаны беру бес жылдың ішінде жүзеге асады. Қазақстанда ұзақ уақыт тұратын виза ел экономикасына 300 мың доллар салған шетелдіктерге де берілмек.