АҚШ пен Ресей Украина мәселесі бойынша келіссөз өткізеді. Бұл туралы кеше, 22 желтоқсан күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлемдеді. Оның айтуынша, қаңтарда өтетін келіссөзде АҚШ пен Ресей келіссөз делегациясы НАТО-ның Украинаға, өзгеде пост-кеңестік елдерге, шығысқа қарай кеңеюін тоқтату туралы талабы қаралады.

Сергей Лавров: «Біз соғысты қаламаймыз, – деді Russia Today арнасына жасаған мәлімдемесінде, – Біз қақтығыс жолына түскіміз келмейді, бірақ біз өз қауіпсіздігімізді берік қамтамасыз ету үшін қажет деп тапқан шараны қолданамыз». Оның айтуынша бұл келіссөз НАТО мен Ресей арасындағы келіссөз болып саналмайды, тек АҚШ-Ресей арасындағы диалог. Лавровтың сөзінше НАТО-мен дербес келіссөздер де жоспарланып отыр.

Ресейдің Украина шекарасына 100 мыңға жуық әскерін топтауы Батыс елдерін, НАТО мүшелерін Украинаға ауқымды басып кіру қаупі бар деп алаңтатқан еді. Бірақ, Ресейдің бұндай қадамға не үшін барғаны енді түсінікті болып келе жатқандай. Былайша айтқанда Мәскеу кезекті рет қуатты армиясы арқылы дөңайбат көрсетіп, Батысты өз дегеніне көндіргісі келгендей.

Украина қауіпсіздігі қатерге тап болып, геосаяси шиеленісе түскен кезде Мәскеу АҚШ-қа өзінің талап-тілектерін жолдады. Онда НАТО-ның шығысқа кеңеюін тоқтату, бұны заңдық негізде бекіту және Ресей ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді деп санайтын қаруларды Ресейге жақын НАТО елдерінің аумағына орналастырмау секілді талаптар бар.

Дегенмен, осы геосаяси шиеленістің картасы тым кең және күрделі. Әуелде, Ресейдің «Газпром» компаниясы Еуропаға газ жөнелтуді шектеп отырғанына байланысты, Батыс елдері Ресейді энергетиканы саяси қару ретінде пайдаланды деп айыптап келеді. Кейіннен, Беларусь пен Польша шекарасында босқындар дағдарысы болды. Осы оқиғалардың кезінде Ресей әскерін Украинаға 120 шақырымдай қашықтыққа топтастырып жатты. Енді міне Мәскеу осы әскери қысым мен шиеленісті шешу жолын өзінің талаптарына айырбастайтындай көрінді.

Дегенмен, соңғы бір апта ішінде Ресей жоғары лауазымдыларының сөзі қатқыл шықты. Путиннен бастап СІМ басшысының орынбасары Сергей Ряпковке дейін өз қауіпсіздігі үшін әскери шара қолдануды да жоспарлап отырғанын кезек-кезек айтып жатты.

Әрине, Батыс тарабы да Ресейдің талабына бірден келісім немесе бірден келіссөз үстеліне асығып отырған жоқ. Айталық, АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Карен Донфрид сейсенбіде журналистерге «Егер Ресей Украина шекарасындағы әскери күштерін азайтса, келіссөздердің болашағы жақсы болады» деген мағынада жауап берді.

Ресей талаптарының арасында Батыс үшін қисынсыз деп танылғандары да бар. Мәскеу Батысқа бет бұрып бара жатқан Украинаның сыртқы саясатын «ұнатпайды», оған кедергі келтіргісі келеді. «НАТО-ға Украинаны қабылдама» деген талап қояды. Осының өзі де бір елдің сыртқы саясатын белгілеудегі егеменді құқығына нұқсан келтіру болып саналады. Ал, НАТО-ның шығысқа кеңеюі ол аталмыш қауіпсіздік ұйымының, мүшелерінің қауіпсіздік саясаттарына орай жасалған қадамдары. Оны Ресей өз талабымен орынтатар болса, бұл НАТО үшін де үлкен шегініс, тіпті ұйымның болашағына деген күмән-күдікті күшейтеді.

Энергетика және қауіпсіздік мәселесіне келіп тірелетін осы шиеленіс Ресей мен Батыс арасындағы 7 жыл бұрынғы қайшылықты қайта күшейтуге кетіп бара жатыр. Оның шешімі келіссөз арқылы әлде қатаң санкция немесе әскери шаралар арқылы шешіле ме, бұны қаңтарда басталатын келіссөздер белгілегелі тұр.

The Qazaq Times