Алматы қаласының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті мен Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі QT редакциясының сұрауына орай 159 мектеп-гимназия басшылығы арнайы жиын қарсаңында мұғалімдердің міндетті қызметіне жатпайтын жұмысқа жегілгенін және әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 802-бабы 1-тармағы 3-тармақшасына сай, бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалары негізінде, Алматы қаласының білім басқармасының «Ы.Алтынсарин атындағы № 159 гимназия» КММ басшысы Бидайбекова Эльмира Исебаевнаға қатысты мектеп мұғалімдерін мектепте болатын конференцияға дайындық бойынша жөндеу жұмыстарға негізсіз тартқандығы бойынша әкімшілік іс қарастырылды», – делінген ресми жауап хатта.
Департамент түсіндірмесіне қарағанда, мектеп директоры Эльмира Бидайбекова «Педагог мәртебесі туралы» заңының 6-бабы 2-тармағының 1-тармақшасында белгіленгендей педагогті кәсіби міндетінен тыс жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді деген талапты сақтамаған.
«Хабарламада айтылған уәждер өз дәлелдерін тауып, соның нәтижесінде, Алматы қаласының білім басқармасының «Ы.Алтынсарин атындағы № 159 гимназия» КММ басшысы ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабының 7-3-тармақтарының 1-тармағы бойынша, әкімшілік іс қозғалып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп сендірді департамент жетекшісі Гүлнар Ермекбаева.
Осыған дейін редакция өзіне қайрылған педагогтердің уәжімен апта басында Алматы қаласындағы 159-мектепте жиырма шақты мұғалімнің «демалыста ырқынан тыс жұмысқа жегілгені» туралы жазған еді. Бірінші тоқсаннан кейінгі демалыста ер мұғалімдер қабырға ақтап-сырласа, әйел педагогтер тазалық жұмыстарына тартылған. Тілші 30 жыл бұрын құрылған білім ошағының екінші директорынан 5 қараша өтеді делінген жиын-конференция туралы білмек болып, хабарласуға тырысты. Бірақ ашық дереккөзде көрсетілген бес-алты қызметтік нөмірдің бірде-бірі тұтқаны көтермеді, байланысу мүмкін болмады.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырында Қазақстанда педагогика саласы оңды-солды реформалауға ұшырап, түрлі кемшіліктер қордалана келе жүйелі мәселелерге айналған еді. Кейінгі бірер жылда мемлекет бюрократия мен әкімшіл-әміршіл жүйенің тоқпағына түскен білім бағытын жақсартуға біршама қадам жасады.
2019 жылы 27 желтоқсанда осы олқылықты толтыру мақсатында 21 баптан тұратын, 500 мыңнан астам педагогтің мүддесін қорғауға арналған «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған. Әлеуметтік қолдау, үстемақы арқылы ынталандыру, біліктілігін арттыру, жалақы өсімі сияқты оң өзгерістер байқалады. Десе де әлі күнге дейін кей өңірлерде мұғалімді артық жұмысқа жегу: сайлау, санақ сияқты саяси науқандарға «жұмсақ тәсілдермен» тарту, сенбілік-тазалық жұмыстарына шығару, еркінен тыс жүктеме беру тәрізді заңбұзушылықтар жиі қайталанады.