Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Тайыр Қаратаев Әлия Назарбаеваның кітабының тұсаукесерін театр ғимаратында өткізуге рұқсат бергені үшін жауапқа тартылды.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин QT редакциясының тілшісі сұрағына берген жауабында театр қабырғасында мерекелік жиын өткізуге жағдай жасаған Қаратаевқа 670 мың теңге көлемінде айыппұл салынғанын мәлімдеді. Бірақ ұйымдастырушы тарап пен қатысушы қонақтар жауапқа тартылмаған. Бекшин бұл сұрақты айналып өтуге тырысты. Әсілінде, өлім саны жағынан орны толмас шығынға ұшыратқан пандемияның төртінші толқыны тұсында қоғам талқысына түскен бірнеше шараның қатысушылары мен ұйымдастырушылары қатар жазаланып келген. Бұл жолы неліктен тек нысан әкімшілігі сұрауға алынғаны белгісіз.
Осыған дейін Бекшин экс-президент отбасының мүшесі Әлия Назарбаеваның «Күш-қайрат мекені» («Место силы») кітабының тұсаукесері барлық санитарлық шартын сақтай отырып өткізілгенін және оған Ashyq жүйесінде «жасыл» мәртебесі бар адамдар ғана қатысқанын мәлімдеген.
16 қыркүйекте Алматыда Әлия Назарбаеваның мемуарлық толғау кітабының тұсаукесері өткен. Кеш Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында өтіп, ондаған адам жиналды. Кейінгі бір ай ішінде редакция басқа ақпарат құралдарымен бірге жиынның заңдылығына баға беруді сұраған. Департамент (СЭС) басшылығы мәселенің қаралуын материал жолдауға тиіс Алмалы ауданы әкімдігінің мониторинг топтарына сілтеген.
Бас санитар-дәрігер Жандарбек Бекшиннің 2 қыркүйектегі №28 қаулысына сәйкес, тап сол сәтте ресторандарға бір мезетте 50 адамға дейін ғана қабылдауға рұқсат етілген еді. Мұндай жағдайда карантинді елемей көп қонақ күткісі келетін «той иесіне» 50 шақты орынмен шектелетін рестораннан гөрі сыйымдылығы әлдеқайда үлкен театр залының 30%-ын жалға алу тиімдірек екені белгілі. Той тәрізді сипатта аталған кеште Қазақстанға белгілі тұлғалар мен шетелдік қонақтар болған. Әлеуметтік желілерге тараған фото-видеолардан олардың бірде-біреуі (даяшыларды қоспағанда) бетперде тақпағанын көруге болады.
Белгілі аткер Досхан Жолжақсыновтың 70 жасқа толуына орай өткен мерейтойға рұқсат берген Svetlana Modern Cuisine мейрамханасының басшысына 670 910 теңге айыппұл салынды. Ақорда хатшысы Берік Уәли, саясаттан кеткен Иманғали Тасмағамбетов, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қатысқан жиында да карантин ережесі сақталмаған.
Сонымен қоса, Баян Алагөзованың жолдасының туған күнін атап өтілген Lе Dome рестораны мен қазан айының ортасында 150-ден аса адамның қатысуымен концерт өткен «Ариал» гольф-клубына айыппұл салынды. Барлығына ортақ дүние – осыған дейін жиын-тойға қатысы бар барлық тарап жауапқа тартылып келді де танымал адамдарға қатысты сұралғанда тек нысан әкімшілігі жазаланды.
Тамыз айының басында еврей қауымдастығының өкілдері Rixos қонақ үйінде салтанатты жиын өткізген. Алғашында бар жауапкершілікті мониторинг топқа артқан департамент (СЭС – бұрынғы орысша атауы) қоғам сыны көбейген соң карантин шарасын бұзды деген айыппен Орталық Синагога ұйымдастырушыларына, қонақ үйдің бас директоры мен менеджерлеріне айыппұл салған. Сол тәрізді қоғам наразылығы мен журналистердің толассыз сауалынан кейін ғана билік танымал блогерлер, шоу-бизнес жұлдыздары қатысқан Royal Tulip қонақ үйіндегі ауқымды шараға реакция білдіруге мәжбүр болды. Жиынға келген 30 адамның 13-іне шектеу шарасын сақтамады деген айыппен айппұл салынған.