Қазақстанда 30 жыл билікте болған Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева «Место силы» деген алғашқы кітабын басып шығарды. Кітап тұсаукесері бірнеше айдан бері эпидахуал оңалмай «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мерекелік кеш түрінде өтті. Келген қонақтың көпшілігі бетперде режимін сақтамаған. Назарбаева той-концерт форматында өткен жиын «санитарлық талаптарға сай өтті» деген пікірде.
Кітабына байланысты жариялаған жазбасында автор «тұсаукесер Алматыда, ГАТОБ-та (Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры атауының орысша қысқартылған атауы – QT) өтті. Мұнда 30%-ға дейін толтыруға болады және Ashyq жүйесі жұмыс істейді» деген уәж келтіреді.
«Кеш қонақтары кітаптың идеясы мен мақсаты, біздің команданың қазіргі және жоспарланған жобалары туралы білді, «Сазген Сазы» қазақ халық аспаптар оркестрінің шағын концертін тыңдады. Дәл осы сәт керемет болды, жанды әуен бәрін еліктірді» дейді.
Кешке қонақ ретінде шақырылған танымал тұлғалар Instagram әлеуметтік желісіне кеш барысынан түрлі бейне-фото материалдар жүктеді. Ресейлік белгілі шоумен Максим Галкин жүргізген кеште ресми таныстырылымнан кейін ән-сауық құрғаны, билегенін көруге болады. Кең дастархан басындағы қонақтар еш бетпердесіз тығыз жайғасқан. Ығы-жығы жүрген жұрттың көбі кіл ығай мен сығай.
Қонақтар арасында әр салада белгілі азаматтар: Ақан Сатаев, Әділ Ахмет, Альмира Тұрсын, Санжар Мәди, Бейбіт Құсайынов, Жансая Абдулмалик, Наргиз Құсаин, Нұрлан-Айгерім Қоянбаевтар, Арманжан Байтасов, Сәбит Рахымбаев, Дәуіт Шайхыисламов, Дана Орманбаева т.б. көрінді. Тойға барған сыйлы қонақтар жариялаған видеоларда даяшыдан өзгесі бетперде тақпағанын аңғаруға болады.
Желіде тараған түрлі инстасторис жазбаларда Әлия Назарбаеваның қонақтарға қарата «Осындай уақытта, карантин, ковид кезде сіздер сонда да қорықпай қолдау білдіруге келгендеріңізге рақмет, кеш сіздерге ұнайды деп үміттенемін» деген.
Редакция тілшісі Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен оқиға туралы пікір сұрады. Бірақ жауапты мамандар қандай да бір ақпарат бере қоймады. Бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшинмен байланысу мүмкін болмады, қоңырау шалғанымызда әлдебір себеппен тұтқаны бірнеше рет өшіріп тастады. Соңғы мәрте хабарласқанымызда дұрыс естілмей тұрғанын айтып, сөзін қысқа қайырды. Әдетте қоғамдық тамақтану орындары мен ресторандарда көпшіліктің жиналмауын құрамына бірнеше құзырлы мекеменің мамандары кіретін мониторинг топтары тексеріп-қадағалайды. Назарбаеваның авторлығы және ұйымдастыруымен өткен мерекелік кештің заңдылығы мен санитарлық талаптардың сақталуы туралы сұрақтың басы ашық қалды. Осы уақытқа дейін қалалық жергілікті атқарушы билік өкілдері түрлі форматта өткен мерекелік шараларға қатысқан белгілі тұлғалар мен ұйымдастырушыларды карантин ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартып, айыппұлға кескен.
Әлия Назарбаева желідегі жазбасында іс-шараның мақсаты «публицистикалық дебютінің» жай таныстыру ғана емес, «жасыл аумақты» дамытуға арналған қайырымдылық аукционын өткізе отырып көптің назарын қоршаған орта мәселесіне аудару болғанын жазады. Оның жоспарынша, бәссауда мен кітап сатылымынан түскен қаржыға Қазақстан өңірлері мен астана маңындағы орманға ағаш отырғызылып, көгалдандырылмақ.
Экомәселелер туралы жиі сөз қозғайтын Әлия Назарбаева «Күш мекені» (түпнұсқа атауы «Место силы») кітабының қазақша нұсқасы Тәуелсіздік күні қарсаңында желтоқсан айында жарық көретінін жеткізді.
Қала індеттің төртінші толқынында көптеген тұрғынынан айырылды, мыңдаған адам ауырып, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсті. Эпидкартада бірнеше айдан бері «қызыл аймақта» тұрған Алматыда пандемия басталғалы 165 мыңнан аса адам ауырған, оның 10 мыңға жуығы қыркүйек айының алғашқы жартысында анықталған. Қазір республикада анықталған күнделікті есептің ширек бөлігі Алматы қаласына тиесілі болып отыр.
Азаттық радиосының жариялаған аса ықпалды «Назарбаев әулетін түгендесек» деп аталатын мультимедиялы материал бойынша, 41 жасатағы Әлия Назарбаева 2018 жылы Әдебиет пен өнер саласы бойынша мемлекеттік сыйлық алған. Қазақстан президенті әкімшілігінде жалпы бөлім кеңесшісі болған. «Caspian Industries Ltd» (Vita минералды суы) компаниясының бас директоры, «Алматыфарм» корпорациясының президенті, «Элитстрой» құрылыс компаниясының директорлар кеңесінің төрайымы, Алматыдағы «Wellness Club LUXOR» сауықтыру-спорт кешенінің иесі. 2011 жылдан Италияның Damiani зергер үйімен ынтымақтасып, Alsara деген атаумен зергер бұйымдарын өндіріске шығарған. 1998 жылы Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың ұлы Айдар Ақаевқа тұрмысқа шыққан, кейін ажырасып, 2001 жылы бизнесмен Данияр Хасеновпен тұрмыс құрған. Кейін онымен де ажырасып, «Қазтрансойл» компаниясының бас директоры Димаш Досановпен бас қосқан. Тиара (2007), Алсара (2011), Айлана (2018) есімді үш қызы, Алдияр (2016) есімді ұлы бар.