Тәулігіне 7 мыңнан астам сырқат аныықталып жатқан тұста билік коронавирустан емдеуге арналған ауруханалардағы төсек-орын санын көбейте алмай отыр. Түрлі жағдайда ауырып жатқан 82 мың адам үйде емделуге мәжбүр. Тамыз айының алғашқы декадасында 79 мыңнан аса сырқат тіркеліп, 1269 адам көз жұмды.

11 тамыз таңда өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой республика мен өңірлердегі ковидтік төсек-орын қорының жүктемесі туралы баяндады.

«Күнделікті мониторинг мәліметі бойынша, өңірлерде орналасқан 328 медициналық нысанда барлығы 55 658 орын бар. 10 тамыздағы дерекке сай, республикада төсек-орын қорының 54%-ы толды. Аймақтар арасында ең ауыр жүктеме Атырау облысы мен астанада, әрқайсында 69% төсек-орын толған. Сондай-ақ, Ақтөбе өңірінде 65%-ға, Алматы қаласы мен Жамбыл облысы әрқайсының 63%-ында науқастар жатыр», – деді Цой.

Қазіргі кезде Қазақстанда 112 843 адам ауырып жатыр. Оның 30 181-і ауруханада емделуде, қалған 82 662 адам амбулаториялық бақылауға алынған. Оларды билік үй жағдайында емделу қажет деп есептейді.

Инфекциялық стационарлардағы реанимация бөлімдерінде 4969 төсек-орын жұмысқа қосылған. Оның 45%-ы қолданылып жатыр.

Министрдің айтуынша,елде эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда қосалқы 7419 орын дайындалған.

Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны шамамен 8,2 мыңға артып, жалпы есебі 720 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Шілде айының ортасына қарай тәуліктік көрсеткіші 5 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқынында қазір кемінде 7 мың жағдай тіркеліп жатыр.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 656 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 64 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 720 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек қарастырады. Сонымен қатар, пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 13,6 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 7103, КВИ- / U07.2 – 3949, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, сарапшылар мен дәрігерлердің наразылығына қарамастан, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.

"The Qazaq Times"