Қазақстанды 30 жылдай билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған және осыған орай бұрынғы атаулы датасы өзгерген Астана күні кейінгі бірнеше жылда қалыптасқан әдет бойынша оппозиция азаматтық қоғамды наразылық акциясына шақырды. Наразылар мен арнайы жасақ бірнеше рет айтысып,  шекіскен жиын радикал сипатта өтті. Назарыңызға журналист жығылып, белсенділер жарақаттанған-ұсталған митингтің фотобаянын ұсынамыз.

Маусым айының ортасынан бері жұртты жаппай митингке шақырған Демпартия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай бастаған акция сейсенбіде түскі 12.00 шамасында басталды. Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдына келген белсенділерге прокуратура өкілі ескерту жасап, полиция бөгеуге тырысты.

Полиция Абай-Байтұрсынов қиылысында кемі бір квартал радиус аймақтың қозғалысын шектеді. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Шеру түрінде басталған митинг шеңбер ауаны бірде тарылып, бірде кейген кеттлингке ұласты. Наразылық митингке жүзге тарта адам жиналды. Редакция тілшісінің есебінше, оқиға орнын 200-ден аса арнайы жасақ әскериі, ондаған полицей, 30 шақты «титушка-құлақ» және түрлі лауазымдағы ондаған басшы мамандар бақылады.

Кедергіге тап болған жолаушылар. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Кедергіге тап болған жолаушылар. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Жол жиегінде, митинг орны аумағында он-он бес полиция көлігі, кемінде сегіз қоғамдық көлік («АлматыЭлектроТранс» ЖШС автопаркіне тиесілі №32 бағыттағы автобус), автозактар мен жедел жәрдем көліктері тұрды.

Қоғамдық көліктің игілігін көріп, кезек-кезек бойынша салқындатқыш астында тынығып қайтуға арналған №32 бағыттағы маршрут. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Мамай тобы «Естуші мемлекет» билігінен «Қытай экспансиясын» тоқтатуды, белең алған қымбатшылықты тыюды, халықтың кедейленуіне тосқауыл болуды талап етті. Десе де жиналғандар қазақстандықтарға отыз жылдай патша кейпінде көрініп келген экс-президенттің саясаттан қол үзуін талап етіп, «Назарбаев, кет!» деп көп ұрандатты.

Ә дегеннен-ақ Абай және Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы қозғалыс шектеліп, мобильді интернет толық бұғатталды, күзет күшейді. Полиция жаяу жүргіншілер айналып өтуге үгіттеп, кейбірін мәжбүрлеп бақты.

Полиция мен арнайы жасақ Демпартия тобын кеттлинг әдісімен құрсаулаған сәт. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

«Әлеуметтік ахуал күн санап нашарлап, азық-түлік, халық тіршілігіне қажетті керек-жарақ жасанды әрі әдейі қымбаттатылып; Қытайдың 56 зауыты салынып жатқанда қалай қарап отыруға болады. Жемқорлықтың кесірінен жүйе әбден кірлеп, ел кедейленіп кетті. Баға анау – аспандап барады, бала-шағамыздың болашағы қалай болмақ ертең?» деп кейіді наразы әйелдің бірі тілшіге шағына.

Күштік құрылым өкілдері мен наразылар тартысы. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Полиция қызметкерлері наразылардың қолынан көрнекі плакаттарын тартып алуға тырысып түйісіп те қалды. Абай даңғылының бойымен «Үкімет отставкаға кетсін!», «Назарбаев, кет!» деп айғайға басқан топтың алдын арнайы жасақ бөгеп, бірнеше қатарлық қалың қоршауға алды.

Тартысқа тас-түйін дайын тұрған арнайы жасақ. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Демпартия белсендісі өз талабын айтты. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

«Байқоңыр» бизнес орталығының маңында ортаға алған арнайы жасақ белсенділермен бірнеше рет тартысып-жұлқыласты. Біраз уақыт наразылар сөз сөйлесіп, пікірін бөлісті. Кейбірі жасақ қарата «халық жағына шығуға» үндеп жатты.

Азаматтық белсенділігі үшін билік тарапынан көп жазаланған наразы алматылық. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Арнайы жасақ өкілі жуан жұдырығын Мамайдың иық-қарақұсынан түйіп қалған көрініс. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Мамай тараптарды күш көрсетпеуге шақырып жатыр. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Демпартия жақтасы Аружан Дүйсебаева сөйлеп тұр. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Бұл жолы наразылар «билік тыңшысы» атанып кеткен азаматтық киімде бет-жүзін бүркеп, әр көріністі қалт жібермей бейнежазбаға таспалап жүретін «титушкалардың» бас киімін тартып алып, топқа жуытпауға тырысты. Әкімдік, полиция қызметкерлерімен ым-жымы бітпейтін, құлаққап пен рациядан тынымсыз ақпарат алмасатын олар өздерін таныстырмайды. Тіпті кейбірі белсенділерді шамдандырып, арандатумен, сондай-ақ тілшілердің жұмысына кедергі жасаумен айналысады. Бұл бірінші жағдай емес, сарапшылардың айтуынша және практикада көріп жүргендей, 2019 жылғы «де-юре транзиттен» кейін жиі қайталанатын әдіс. Арнайы жасақтың құрсауынан журналистердің өзіне кіріп-шығу мұң болған митингте «ақпарат жинауға» жауапты 30 шақты «тыңшы жігіт» еш кедергісіз кеттлингті бұзып жарып жүрді. Әскерилерге арналған кондиционері қосулы автобустарда тынығуға келгенде әй деген қожа болмады.

«Ақпарат өндіруші тыңшылар» атанып кеткен «титушкалардың» басым бөлігі түрлі мемлекеттік-қзырлы органдарда қызмет етеді. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Алматы қаласының әкімдігінен жылына жүздеген миллион теңгеге мемлекеттік тапсырыс алатын, әкімдік медиаресурсы Almaty.TV телеарнасы жаңалықтар ағынынан оқиға туралы ешқандай хабар бермесе де, – өзін осы ақпарат құралынанмын деп таныстырған оператор митинг барысын кірпік қақпай толық  таспалады.

Өзін Алматы телеарнасының түсірілім тобынанмын деп таныстырған ер адам митингті үздіксіз түсірді. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

«Бәріміз де бір елдің адамымыз. Уақыт бәрін өзгертеді. Ертең ата-анаң мен ұрпағыңның бетіне қалай қарайсыңдар? Халық қаласа, хан атын сояды деген бар. Дүние уақытша, болашақты ойлаңдар. Бүгінгі тоқтық, толымсыз жалақы мен жалдамалы баспанада не қадір бар, егер ертең жүзің жарық болмаса. Ұят болады!», – деді наразы ер адам.

Плакат ұстаған наразы. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Наразылар мен арнайы жасақ екінші мәрте шекіскенде белсендінің бірі беті бүркеулі әскеридің бетпердесін жұлып алды. Айбат шегіп, былапыт сөз айтқан күштік құрылым өкілдері тістеніп жауап қайтарды. Сол бойда бірнеше наразының жарақат алғаны мәлім болды. Белсендінің бірі ашуға булығып сарбаздарды плакатпен соққылады.

Екі тараптың екінші тартысы. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Ызаланған белсенді арнайы жасаққа шүйлікті. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Оқиға орнына қызметтік тапсырмамен хабар таратуға барған The Qazaq Times тілшісі тартыс барысында құлап, жабық жарақаттанды. Арнайы жасақ оның үстіндегі баспасөз күртешесі барына қарамастан күшпен итеріп жібергендіктен, аяқ астындағы тұраққа арналған темір шектеге жығылып құлаған. Қолындағы ұялы телефоны сынды. Қалалық жедел жәрдем көрсету клиникалық ауруханасы мамандары қойған диагноз бойынша, арқа тұсының төменгі жағы мен жамбасы, сол жақ мықын-белінің тіні ауырсынып қалған. Сонда пәрмен беріп жүрген полиция қызметкерлері тілшінің арызын елемей, естісе де үнсіз қалдырды, шағымын тіркеуге құлықсыздық танытты.

Тілші сұрағын әрдайым жүре тыңдайтын, мүлде үн қатпайтын Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Белсенді Даная Қалиева жәбір көргенін айтып, арнайы жасақты жазғырып тұр. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Жұлқыласқан тараптар. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Кеттлинг  қоршауында тоғыз сағаттан аса уақыт тұрған Демпартия тобы кешке қарай «озбыр қысымға» ұшырағанын айтады. Оқиға орнындағы журналистер Қазақстанда «экстремистік ұйым» ретінде қызметіне тыйым салынған, Еуропарламент «бейбіт қозғалыс» деп таныған ҚДТ жақтастарының митинг орнына кеткен тұста болған. Абзал Достияров пен Теміртас Нағиметуллаев сияқты наразылар арнайы жасақ күш көрсетіп, соққыға жыққанын, тепкілегенін мәлімдеді.

Тізесінен жараланған Ырысбек Тоқтасын жедел-жәрдем қызметінің көмегіне жүгінді. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Оларға жедел-жәрдем қызметін туыстары шақырған. Жараланғандарға медициналық алғашқы көмек көрсетілді. Журналистердің айтуынша, кем дегенде жеті белсенді зардап шеккен.Сонымен қоса, Ырысбек Тоқтасын, Дәурен Достияров және Уәлихан Сұлтанов ұсталғаны белгілі болды.

Белгілі белсенді Әлімжан Ізбасаров. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Полиция осы жағдайдан кейін де үш белсендінің қай бөлімшеге жеткізілгені жөнінде айтпады. Департамент бұған байланысты ресми түсінік бермеді.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты он минутта «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша (Әкімшілік кодекстің 434-бап, 1-тармағы) ұсталған Ырысбек Тоқтасын Еңбекшіқазақ ауданының уақытша қамау изоляторына және Дәурен Достияровты Қаскелеңдегі изоляторға 10 күнге қамау туралы шешім шығарған. Тағы бір белсенді Уәлихан Сұлтанов денсаулығына байланысты ауруханаға түскен.

Даная Қалиева полициядан таяқ жегенін, денесіндегі көгерген және көйлегіндегі тепкінің ізіне шағымданды. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

 

“The Qazaq Times”