Қазақстанда вакцина салдырған студенттер оқу кезінде және жатақхана ақшасын төлеген кезде жеңілдікке ие болады. Бұл  туралы білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Ведомство таратқан ақпаратқа қарағанда, үкіметтің материалдық ынтыландыруына тек студенттер ғана емес, ұстаздар да ие болады.

Ақпаратқа қарағанда, коронавирусқа қарсы вакцина салдырған студенттер оқу, жатақханаға тұру кезінде жеңілдіктерге ие болып, түрлі сыйлықтар ала алады. Сауықтыру шипажайларына тегін жолдама, тегін тамақтану мен қоғамдық көлікті пайдалану талондарына ие болады. Бірқатар оқу орындарында аталған акция басталып та кеткен.

"Сонымен бірге жоғары оқу орындары вакцина салдырған студенттер үшін шет тілдері, компьютерлік сауаттылық және кәсіпкерлік дағдыларды дамытатын тегін курстар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар екпе салдырған кейбір университеттердің студенттері фитнес залдарына, бассейнге, театрға, кинотеатрға және концерттерге тегін бара алады" делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство  вакцина салдырған оқытушыларға қосымша ақы немесе ақылы демалыс алуға мүмкіндік қарастырылғанын хабарлады.

Қазақстанда өткен аптадан бастап коронавирусқа қарсы вакцинаға халық ынтасын ояту үшін ірі вакцина пунктерінде көлік, пәтер ойнатыла бастаған. Осы аптада астанада екпе пунктерінде 20 айфон телефоны ойнатыла бастағаны белгілі болды.

Денсаулық сақтау министрлігі сейсенбі күні елде вакциналау қарқыны күшейді деп мәлімдеді. Соңғы мәлімет бойынша, елде 3 млн 246 мың адам (халықтың 16,7%) вакцинаның бірінші дозасын алған. 1 млн 954 мың адамға вакцинаның екі дозасы салынған. Жалпы 5,2 млн доза пайдаланылған.

 

"The Qazaq Times"