Кеше Владимир Путин федералды кеңеске жолдау жасады. Ресей президентінің жолдауы Мәскеу мен Батыс байланысы ушыққан кез және оппозиционер Навальныйдың жақтастары ұйымдастырған митингпен қатар келді.
Путин жолдауында пандемияның алдын алу және халықтың жағдайын жақсарту жоспарын ұсынды. Беларусьтегі ахуалға тоқталған ол «базбіреулер Александр Лукашенкоға қастандық жасап, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды» деген болжаммен келісетінін білдірді. Сонымен қатар ол Ресейде адам құқығы тақырыбында айтарлықтай мәселесі жоқ деді. Алайда Путин адам құқығы жайлы сөз сөйлеп жатқанда, Ресейдің әр қаласында митингке шыққандарды полиция ұстап әкетіп жатты.
Сыртқы саясатқа тоқталған Путин басқа мемлекеттерге сес көрсеткендей болды. Ол сөзінде: «Біз халықаралық қауымдастықтың барлық өкілдерімен, кейінгі кезде байланысымыз нашарлап кеткен тараптармен жақсы қатынаста болғымыз келеді. Бірақ біздің адал ниетімізге бейқамдық я әлсіздік деп қараса, көпірді өртеп я жарып жібергісі келсе, Ресейдің жауабы жылдам әрі қатаң болады. Бізге қарсы шыққандар істеген ісі үшін қатты өкінетін болады. Ресеймен қарым-қатынаста «қызыл сызықтан» өтуге ешкімнің дәті жетпейді деп ойлаймыз. Ал «қызыл сызық» қай жерден өтетінін біз өзіміз белгілейміз», – деп ескертті.
Кеше Путиннің жолдауы кезінде Навальныйдың жақтастары митингке шыққан болатын. Бірақ полиция 1700-ден астам адамды ұстап, белсенділер мен журналистерді тергеуге алды. Кремль басшысы ұсынған Ресейдің болашақ даму жоспарын сарапшылар «ұпай жинаудың амалы ғана» деп санайды. Себебі ол Украинаның шығысындағы ахуал мен елде белсенділердің қудалануы жайлы жақ ашқан жоқ.
Путин 2000, 2004, 2012 және 2018 жылдары президент болып сайланды. Енді ол 2024 және 2030 жылдары өтетін сайлауға қатыса алады. Дмитрий Медведев 2008 жылдан 2012 жылға дейін мемлекет басшысы болған кезде, ол президенттің өкілеттік мерзімін төрт жылдан алты жылға дейін ұзартуды ұсынды. Бұл ұсыныс бір ауыздан қабылданды.
Путин Кремльге оралғаннан кейін Медведев үкіметті басқарды, бірақ 2020 жылдың басында Путин Конституцияға түзетулер енгізетінін жариялады. Ал Медведев отставкаға кетті. Ресейде 2008-2012 жылдар аралығында мемлекет басқарған Дмитрий Медведев қана бұрынғы президент мәртебесіне ие. Қазір Ресейде 2001 жылы қабылданған бұрынғы президенттің жеке басына тиіспеу туралы заң бар. Заңға 1991 жылы 31 желтоқсанда сол жылдары президенттің міндетін атқарушы болған Владимир Путин Борис Ельцин отставкаға кеткеннен кейін қол қойған.
Жақында Мемлекеттік дума қабылдаған заң жобасы бұрынғы мемлекет басшысы мен оның отбасын қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға тыйым салуды қарастырады. Құжат бойынша, оларды ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, тергеуге де болмайды. Тек «мемлекетке опасыздықтық жасады» деп күдікке ілінген бұрынғы басшылар мемлекеттік дума, жоғарғы сот, конституциялық соттың мақұлдауымен жазаға тартылуы мүмкін.