Ресейде Алексей Навальныйдың жақтастары өтізген митингте 1700-ден астам адам ұсталды. Ұсталғандардың басым бөлігі Санкт-Петербургтен.

Кеше Қиыр Шығыста Владивостоктан бастап, Балтық жағалауындағы Калининградқа дейінгі аралықта түрлі қалаларда мыңдаған адам шеруге шықты. Сол күні Ресей президенті Владимир Путин федералдық кеңеске жолдау жасаған.

Шеру басталмай жатып полиция белсенділер мен журналистерді сәт сайын ұстап, тінту жүргізді. Митинг белгіленген аумақтар қоршауға алынды. Шеруге шыққандар Навальныйға медициналық көмек көрсетуді талап етті. Сонымен қатар олар «Путинсіз Ресей» деп ұрандатты.

Бірнеше күн бұрын билік  Навальный негізін қалаған «Жемқорлықпен күрес» қорын «экстремистік ұйым» деп атап, оны жаппақ болды. Б ас прокуратура тұрғындарға «рұқсат етілмеген митингіге шықпау қажеттігін» ескертіп, шыққан жағдайда жаппай тәртіпсіздік бабы бойынша іс қозғалатынын мәлімдеген.

Мәскеуде Алексей Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш, оппозиционер Любовь Соболь, саясаткер Владимир Рыжковты ұстап әкеткен. Екі белсенді де сот қаңтарда өткен Навальныйды қолдау акциясында «эпидемиологиядық ережелерді бұзды» деп айыптаған. SOTA басылымының тілшісі Сергей Куокуге митингіге қатыспау жайлы ескерту жасаған. Краснодарда сот Навальный командасының белсендісі Алипат Султанбегованы наразылық акциясы туралы TikTok-та жарияланған видеосы үшін 10 күнге қамауға алған.  Полиция хаттамасында «халықты наразылық акциясына қатысуға шақырып, бейнеролигінде митинг туралы заңды бұзды» делінген.

Кремль сыншысы Алексей Навальный 31 наурыздан бері аштық жариялап, денсаулығы нашарлаған. Осы аптада Покровадағы түрмеден сотталғандарға арналған облыстық ауруханаға ауыстырылды. Бұған дейін Навальныйды емдеген дәрігерлер оның қан анализінің қорытындысын жариялап, дәрігер Анастасия Васильева науқастың жүрегі тоқтап қалуы мүмкін деп ескерткен. Наурыздың соңында мыңнан астам дәрігер билікке ашық хат жазып, саясаткерге тәуелсіз дәрігерді кіргізуге шақырған.

"The Qazaq Times"