14 сәуірде мәжіліс депутаттары шетелдіктерге жер сатуға және жалға беруге тыйым салуды қарастыратын "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" деп аталған құжатты екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады.
Мәжіліс мақұлдап, сенатқа жолданған заң жобасы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетел азаматтарының үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық ғылыми орталықтарға және қандастарға беруге толық тыйым салуды қарастырады. Алайда 2016 жылғы 1 шілдеге дейін, яғни жерді шетелдіктерге жалға беру жайлы бапқа мораторий енгізілгенге дейін жалға беріліп қойған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жалға беру мерзімі аяқталғанда ғана мемлекет меншігіне өтеді.
Ауыл шаруашылғы министрлігінің мәліметінше, қазір 74,4 мың гектар жер 7 біріккен кәсіпорынға, 18,5 мың гектар жер екі шетелдік заңды тұлғаға мораторий енгізілгенге дейін жалға берілген. Олардың жалға алу мерзімі 2022 және 2025 жылы аяқталады. The Qazaq Times редакциясы Қазақстанның мыңдаған гектар жерін жалға алып отырған 7 бірлескен кісіпорын мен 2 заңды тұлға жайлы толық ақпарат сұрап, ауыл шаруашылығы министрлігіне 6 сәуірде ресми сұрау хат жолдаған, бірақ оған әлі жауап келген жоқ.
2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.
Қазақстан территориясының 37 пайызын (100 миллион гектардан астам) ауыл шаруашылық жерлері құрайды. Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ кейбір белсенділер елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату тәжірибесін енгізу қауіпті деп санайды.