5 мамырда мәжіліс жер қатынастары туралы заң жобасына сенат енгізген түзетулерді мақұлдап, құжатты президентке жолдады. Өткен аптада сенат жобаның қоғамда дау туғызған тұстарына түзету енгізуді, атап айтқанда, шетелдіктерге орман өсіру үшін жер бермеуді ұсынып, мәжіліске қайтарған.
Бүгін, 6 мамырда мәжіліс депутаттары бірнеше минуттың ішінде аталған түзетулерді қабылдады. Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің хатшысы, депутат Берік Серікұлы "сенат ұсынған түзетулер" шетелдік жер пайдаланушылар мен шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға жер бермеуді көздейтін заң жобасының "мәжіліс мақұлдаған заң тұжырымдамасын бұзбайды және оның мазмұнын нашарлатпайды, осыған орай комитет сенат ұсынған өзгерістер мен толықтырулармен келісуді ұсынады " деді. Депутаттардың барлығы жобаны қолдады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашы болуымен оның әкімшілігі дайындаған жер қатынастары туралы заң жобасы мәжілістің қарауына наурыздың ортасында түскен. Ол кезде аталған құжатта орман өсіру үшін шетелдіктерге жер беруді көздейтін тармақ мүлде болған жоқ. Оны енгізен – мәжілістің осы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобы. Заң жобасы 14 сәуірде сенатқа мәжіліс енгізген түзету бойынша жолданды. Сол сәтте қоғамда осы бапқа қарсылар көбейді. Елдің кейбір қаласында "Жаңа заң жобасы қабылданбасын" деген талаппен митингі де өтті. Сенат дау тудырған тармаққа түзету енгізіп, заң жобасын мәжіліске қайтарды.
Қазақстанда жер дауы елді бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған кезде басталған. 2016 жылы елде ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң Назарбаев оған бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады. Осыған орай, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға және ұзақ жылға жалға беруге тыйым салуды қарастыратын заң жобасын әзірлеуді тапсырған.
Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ ел азаматтарының кейбірі елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату қауіпті деген ойда.


















Ирандағы қантөгіс пен сыртқы қысым: Трамптың екіұшты сигналы
Конституция тағы өзгермек: реформа ма, әлде билікті қайта құрастыру ма?
АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс
Атыраудағы жұмбақ жоғалу мен адам өлімі: із-түзсіз артылған отбасы, полиция тергеуі және қоғам реакциясы
Айзат Жұманованың өлімі: бүгін үкім оқылды, айыпталушы 14 жылға сотталды
Украина соғыс жағдайындағы басқару моделін қайта қалыптастыруда: Буданов президент кеңсесіне келді