Бүгін, 7 сәуірде Қазақстан парламентінің төменгі палатасы, мәжіліс шетелдіктерге жер сатуға және жалға беруге тыйым салуды қарастыратын "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" деп аталған құжатты мақұлдады.
Мәжіліс алғашқы оқылымда мақұлдаған заң жобасына сай, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетел азаматтарының үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық ғылыми орталықтарға және қандастарға беруге толық тыйым салу көзделген.
Мәжілісте осы заң жобасына байланысты баяндама жасаған ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінше, 2016 жылғы 1 шілдеге дейін, яғни жерді шетелдіктерге жалға беру жайлы бапқа мораторий енгізілгенге дейін жалға беріліп қойған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жалға беру мерзімі аяқталғанда қайтадан мемлекет меншігіне өтеді.
Омаровтың айтуына қарғанда, қазір 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жері 7 біріккен кәсіпорынға, 18,5 мың гектар жер екі шетелдік заңды тұлғаға мораторий енгізілгенге дейін жалға берілген. Олардың жалға алу мерзімі 2022 жылдан 2025 жылға дейін.
Министр баяндамасында шетелден келген ұлты қазақтарға жер қай кезде жалға берілетініне де тоқталды.
"Олар жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар" деді Омаров.