БҰҰ өз бақылаушыларын Шыңжаңға жіберу үшін Қытай билігімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш CBS арнасындағы эксклюзивті сұхбатында айтты.
Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. 2018 жылдың тамызында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасының өкілдері Шыңжаңдағы түзету лагерлерінде 1 млн-ға жуық мұсылманжардың заңсыз ұсталғанын және адам құқықтарының тапталғанын мәлімдеді. Басқарма бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, осы аймаққа бақылаушылар жіберуді ұсынды.
Қытай билігі Шыңжаңда пенитенциарлық мекемелердің ауқымды желісін құру туралы ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарды. Сонымен қатар, 2018 жылдың соңында олар өңірде білім беру және кәсіптік даярлау орталықтары жұмыс істейтінін хабарлаған. Қытай шенеуніктерінің мәлімдеуінше, онда терроризм мен экстремизм идеяларының ықпалына түскен, қытай тілін, жазу негіздерін, коммуникативтік дағдыларды және ҚХР заңнамасының негіздерін оқитын адамдар бар. Бұл орталықтардағы адамдардың нақты санын Қытай билігі жасырын ұстап отыр.
Осыған дейін бірқатар батыс компаниялары (арасында Nike пен H&M де бар) адам құқығының бұзылуына байланысты Шыңжаңнан мақта сатып алудан бас тартқан. Ал АҚШ пен Еуроодақ Шыңжаңдағы қысымға байланысты Қытайға экономикалық санкция енгізді. Қара тізімге енгендер Еуропа одағына кіре алмайды және активтері бұғатталады.
Өз кезегінде Қытайдың технологиялық компаниялары мен мемлекеттік ақпарат құралдары қатаң бақыланатын әлеуметтік желілердің көмегімен әлемге танымал брендтерге шүйліге бастаған. Қытайдың танымал тұлғалары Nike-тің спорт жабдықтарынан бас тартып, әлемге киім сатумен танымал болған H&M өнімдерін сатып алмайтынын кезек-кезек мәлімдеп жатыр. Қытай киім шығаратын британдық Burberry компаниясының өнімдеріне де бойкот жариялаған.