Қазақстан коронавирус жұқтырғандар саны бойынша 50 елдің қатарына еніп, науқастар саны 270 мыңнан асқан шақта президент Тоқаев биліктің эпидемияға байланысты жұмысын оң бағалады.
Ол Twitter желісіндегі парақшасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус дертін пандемия деп жариялағалы бір жыл өткені және бұған биліктің әрекеті жайлы жазба жариялады.
«Мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдады, – дей келе, Үкімет жұмысына баға берді – Төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға қаржылай және басқа да көмек берілді. Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік».
Былтыр көктемде коронавируспен қатар оның салдарынан туған дағдарысқа қарсы шамамен 6 трлн теңге (3,4 трлн – республикалық бюджеттен, 2,5 трлн – бюджеттен тыс) бөлінді. Десе де пандемия осы уақытқа дейін бәсі артты, жұлдызы жоғары делінген, үздіксіз мадақталған Үкімет басқаратын салалардың бар кемшілігі айпара әлемге мәлім болған еді. Білім, медицина, әлеуметтік қолдау, мемлекеттік цифрлық даму жүйелерінің әшекейі төгіліп, есепсіз мәселеге ұшырады.
Мыңдаған оқушы мен мұғалім қыр-жота, шатыр-шатқал аралап жүруге мәжбүр болды. Тіпті мұғалімдердің кейбірі пошташы сияқты жаяулатып есік қағып, дәптер жинады. Комиссия келгенде қосылатын компбютерлердің көбі іске татығысыз болып шықты. Салдарынан қашықтан білім беруге және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына компьютер техникасын сатып алуға 71 млрд теңге қаржы жұмсалды. Тұрақты жұмыс орындары қалыптаспағандықтан, карантин кезінде миллиондаған азамат жұмыссыз қалып, табысынан айырылды. Мақтауы сыналар күні мақтаға жарамай қалған үкіметтің цифрлық жүйесі 42,5 мың теңге тағайындар тұста жұртты әбден әбігерге салды. Ең ауыры – денсаулық сақтау министрлігі әлем ғалымдары ковид қатерін ескертіп, дабыл қақса да, вирустың табиғатын жіті танымай, қате болжам жасады.
Сондай-ақ, бас санитар ақпаратты шектеу жөнінде өрескел кемшілік жіберді. Медицина саласындағы мәселелерді айтуға тырысқан дәрігерлерге қысымға ұшырады, оларды тыңдауға талпынған журналистерді ұстады. Ауруханадағы жағдайды жасыруға тырысқан биліктің әрекетінің өтемі қымбатқа түсті. Ақпараттандыру жағы шетін болғандықтан, ел карантиннен кейін біршама босаңсыды. Ел індет Қазақстанда емес, Испания мен Италияда жүріп жатқандай сезінді. Бірақ жүйенің дайынсыздығынан, дәрі-дәрмек қоры мен маман жетіспей, «маусым-шілде қырғыны» орын алды. Бұрын әлеуметтік саясатқа көңілі толмайтын әйелдерді «масылға» теңеген шенеуніктер бұл жолы бар айыпты «карантин ережесін сақтамаған қарапайым халықтан» көрді. Ресми есеп бойынша, 2020 жылғы мамыр айында қайтыс болғандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 27%, маусымда – 51%, шілдеде – 127%-ға өскен. Үкіметтің ең үлкен қателігі – «Маусым-шілде қырғыны» болған былтыр 2019 жылға қарағанда көз жұмғандар саны 22%-ға артып, 162,6 мың адамға жеткен. қан айналымы жүйесі (23%) мен тыныс алу органдарының (14%) ауруларынан қайтыс болғандар елеулі деңгейде көп. Сонымен бірге, жылда үлесі қарайып тұратын жазатайым оқиғалар мен көлік апаттарынан болатын өлім айтарлықтай азайған.
Санитариялық қызметтің бейкәсіби шешімдері жағдайды жақсартудың орнына, қиындатқан кезі болды. Қоғамдық көліктің қатарын кемітіп, тіпті қозғалысын да шектеді. Жабық нысандардың орнына көше-даңғыл бойын дезинфекциялауға арнайы техникалар мен мамандар жұмылдырылды. Бұл – экономикалық жағынан қомақты шығынға әрі қоғамдық көлік жеткіліксіз болғандықтан жолаушылардың тығыз топтасуына әкеп соқты.
Бұдан өзге ауырғандарды дұрыс есепке алып, коронавирустың бағдары жайлы сауатты статистика жүргізудің өзі көп машақат туғызды. Бір жаздың өзінде ресми статистика индикаторлары бірнеше рет түрленді. Министрлік шілде айына дейінгі әдеттегіден үш есеге ұлғайған пневмонияның 256 мың жағдайынан коронавирустық түрін ажыратудан бас тартты. Президент Тоқаевтың статистикадағы кемшіліктер жөніндегі үш реттік сын-ескертпесі мен ақпарат құралдарының сұрақтарынан кейін біршама қателіктер түзетілді.
Тоқаев осыған дейін де үкіметтің пандемияға қарсы күресіне оң әрі жоғары баға берген. Тоқаев қырғын қарқын алып тұрған тұста есі кірер деген сықпытпен ескі үкіметке эпидахуалды оңалтуды екпіндей-ескерте тапсырған. Алайда жыл аяғы Мамин командасын марапаттап, сайлаудан кейін болар-болмас кадрлық тағайындау жүргізіп, ескі қалпынша сақтап қалды. Осы қыста 88 мыңдай адам ауырса, 800-ден астам адам қайтыс болды.
«Бірақ дерттің қатері әлі де сейілген жоқ. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын», – деп жазған Тоқаев екпеге иек артатынын мәлімдеді.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 220 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 49,5 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 270 мыңға жеткен. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4541-і (КВИ+ / U07.1 – 2830, КВИ- / U07.2 – 650, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Осылайша Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 50-орында тұр.