12 ақпан жұма күні Кентау қаласында кәсіпорын жұмысшылары мен Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері ереуілге шықты.

Түркістан облысы Кентау қаласындағы трансформатор зауытының ондаған жұмысшысы жалақыны көтеруді талап етіп, наразылық жиын өткізген. Мұны зауыт басшылығы Азаттыққа растаған.

Ақпарат құралы жұмысшылардың президент Тоқаевқа видео үндеу жолдағанын хабарлады. Олар еңбекақыны өсіруді талап еткен. Түске дейін жалғасқан ереуілге қатысушының бірі «кәсіпорын басшылығы қаңтар айында кейбір жұмысшылардың жалақысын 60 мың теңгеге дейін кемітіп жіберген, бұған басқалары наразылық білдірді» деген.

Кентау трансформатор зауытының директоры Хайролла Қожабаевтың Азаттыққа айтуынша, жалақы жұмыстың ауырлығы мен уақытына қарай белгіленеді. Жұмысшылардың орташа жалақы – 156 мың теңге. Ереуілге 120 мың теңге жалақы алатын жұмысшылар шыққан.

Мыңнан астам жұмысшысы бар зауыт бастығы Қожабаев «Түске дейін жұмысшылармен сөйлесіп айлық жалақыларын 150 мың теңгеге көтеруге шешім шығардық» деп мәлімдеген.

Кентау трансформатор зауыты жұмысшыларының ереуілі. Түркістан облысы, 12 ақпан 2021 жыл. Фото: Азаттық радиосына жолданған видеодан скрин-қиынды

Дәл осыған ұқсас еңбек дауымен Ақтөбеде «Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының» жүзге жуық жүргізушісі бүгін қарсылық акциясын өткізген. Қала мен маңайында 19 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайтын жүргізушілер жалақыны 200 мың теңгеге дейін өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Жұмысшылар наразылығының салдарынан мыңдаған жолаушы межелі жеріне дер кезінде жете алмай әбігерленген.

Әйтпегенде жұмысқа шықпайтынын жеткізген жүргізушілердің мұңын Азаттық тыңдаған. Наразылардың бірі Бекзат Аязбаев кәсіпорын басшылығынан «аптасына 400 мың теңгеден астам план өткізсе де, неліктен айлығы 32 мың екенін, жарты жылдан бері зейнетақы мен медициналық сақтандыруға жарна түспегенін» сұрады. Жұмысшылардың сөзінше, еңбек мәселесі шаш етектен. Жалақы уақытылы берілмейді, көлік бұзылса жұмысшы шығындалады, жоспар негізсіз көбейтілді, зейнетақы аударымы төленбейді, кондукторды жүргізуші жалдайды деген жұрт қапалы.

Компания директорының міндетін атқарушы Есбол Сатаев бұл мәселеге мемлекеттен субсидия мен компенсация төленбеуі себеп дейді. Таңғы бесте басталған ереуілге сағат 9-дар кезінде келген Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров «мәселені шешемін» деп уәде берді. Бірақ қалай шешетінін айтпады.

Қазақстанда әлеуметтік және еңбек саясаты жетілмегендіктен, елдің әр аймағында түрлі саладағы мамандар жиі наразылыққа шығып, лажсыз президент атына үндеу жасап жатады. Жуырда ғана Шымкентте Shymkent bus,  Ақтөбеде «Сағыз Петролуем», «КМК Мұнай» мен «АМК Мұнай» компанияларының жұмысшылары ереуілдеткен. Бұған дейін Қазақстанның жаңа тарихында биліктің өз азаматтарына оқ атуымен аяқталған 2011 жылғы Жаңаөзен қанды оқиғасы да еңбек дауынан басталған еді.

"The Qazaq Times"